Қазақстанда іргелі ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс тез арада қалпына келтірілуі тиіс- академик Сұлтанғазин - kaz.caravan.kz
  • $ 523.86
  • 544.34
-11 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда  іргелі ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс тез арада қалпына келтірілуі тиіс- академик Сұлтанғазин

Қазақстанда іргелі ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс тез арада қалпына келтірілуі тиіс- академик Сұлтанғазин

90-шы жылдардағы экономикалық құлдырау мен ғылымдағы дағдарыстар тұсында үзіліп қалған іргелі ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс тез арада қалпына келтірілуі тиіс. Бұл туралы ҰҒА-ның бірінші вице-президенті, Ғарыштық зерттеулер институтының директоры, академик Өмірзақ Сұлтанғазин "Қазақстан аллюминиі" ААҚ-ын аралау кезінде мәлімдеді.

  • 12 Маусым 2003
  • 1443
Фото - Caravan.kz

Маусымның 11-12 аралығында Павлодарда өтіп жатқан «Қазақстан ғылымының күндері» аясында академик Өмірзақ Сұлтанғазин «Қазақстан аллюминиі» ААҚ-ын аралап, кәсіпорын ғалымдары мен инженерлерінің ғылыми ізденістерімен танысты. Кәсіпорын ұжымымен кездесуде Ө.Сұлтанғазин : «Сіздердің өндіріс қазіргі заманауи ғылыми-техникалық ілгерілеушіліктен бір табан қалыспай, алғы шепте келеді»,- деп мәлімдеді.

Сонымен бірге, академиктің пікірінше, өрлеуге бет алған қазіргі тұста Қазақстанның іргелі ғылымы өндірістен ылғида озып отырумен бірге , оның дамуына қызмет етуі тиіс. «Қазіргі ҰҒА алдында тұрған ең бір өзекті мәселе — ғылыми жаңалықтарды өндірісте қолдануға жағдай жасау үшін ғылым мен өндірісті өзара жақындату болып табылады»,- деді академик Сұлтанғазин.
Академик Сұлтанғазиннің атап өткеніндей, ғылыми жаңалықтар «Қазақстан аллюминиі» ААҚ-ына бас-аяғы 7 жылдың ішінде бірқатар технологиялық мәселелерді шешіп, өнім өндіру көлемін жобадағы 1 млн. 34 мың тоннадан 1 млн.380 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік тудырды. Болашақта құны 60 млн. долларды құрайтын Техникалық дамудың кешенді бағдарламасын жүзеге асыру арқылы өнім мөлшерін 1,5 млн. тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Кәсіпорын ғалымдары мен инженерлерін ғылыми жаңалықтар ашуға ынталандыру үшін 2000-жылы «Қазақстан аллюминиі» ААҚ «Өнертапқыштық және оңтайландырушылық қызметтер туралы ереже» бекіткен. Соның нәтижесінде бүгінге дейін кәсіпорын өнертапқыштары Қазақстан Республикасының 12, Ресей Федерациясының 4 патентіне ие болған. Кәсіпорынның баспасөз қызметінен хабарлауынша, жобалар глинозем өндіру көлемін ұлғайтып, оның сапасын жақсартуға бағытталады. Ғылыми-зерттеу орталығын қаржыландыру, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға кәсіпорын жыл сайын 100 млн. теңге жұмсап отыр. «Қазақстан аллюминиі» ААҚ 1996-жылы құрылып, оған Павлодар алюминий зауыты, ТЭЦ-1, «Керегетас» әк тас кеніші , Торғай және Краснооктябрь боксит кеніштері сынды бұрынғы бес дербес кәсіпорын қамтылған.