Қазақстанда ішкі туризм бытыраңқы сипатқа ие - сарапшы
Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға баға мен сапаның бір-біріне сәйкес келмеуі кедергі келтіріп отыр. Бұл туралы «Менің елім» Ішкі туризмді дамыту қауымдастығының президенті Гаухар Жеңісбек мәлім етті. |
«Бүгінгі таңда қазақстандықтар үшін ішкі туризм бытыраңқы сипатқа ие. Ол - туыстарына, таныстарына қыдырып бару немесе отбасымен бірген жақын маңдағы демалыс орындарына және курорт-шипажайларға барып-қайту», - деді ол «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, демалыс орнын таңдауда негізінен қаржы, қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасы сынды үш фактор әсер етеді. «Өкінішке орай, бізде баға мен сапа бір-біріне сай емес, қауіпсіздік мәселесі де реттелмеген», - деп атап өтті ол.
«Ішкі туризмнің дамуына қолбайлау болып отырған тағы бір мәселе - авиабилеттердің қымбаттығы. Туристер ұшақпен Қазақстанның бір жерінен екіншісіне жету үшін 450-500 доллар төлеуі тиіс. Еуропамен салыстырсақ, бір жерден екінші өңірге жету құны орта есеппен 15-30 еуро тұрады», - деді Г.Жеңісбек.
Оның ойынша, бұл проблеманы шешу үшін бәсекелестік ортаны дамытып, ішкі рейстерді қолжетімді бағаға орындайтын шағын әуе компанияларын ашу қажет.
Сұхбат «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің www.interfax.kz сайтында жарияланды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін