Ол арнайы ХҚКО-ларға күн сайын мыңдаған адамның келетінін айтты. Айтуынша, бұған дейін процедура 6 сағатқа дейін созылатын. Қазір болса айыппұлы мен салығы төленген көлікті екі сағатта тіркеуге болады. Алайда бұл уақыттың өзін қысқарту жоспарланып отыр екен.
"Арнайы ХҚКО-лардағы қызметті қалай оңтайлы етуге болады және қызмет алуды қалай жеңілдетуге болады? Бұл мәселені ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев көтерді және автокөлік тіркеуін электронды форматқа ауыстыруға ұсыныс түсті. ҚР Ішкі істер министрлігімен біріге отырып, біз бұл мәселесі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсындық және премьер-министрдің орынбасары Жұмағалиев Асқар Қуанышұлының жетекшілігімен шешім қабылдадық", — деп жазды Оспанов.
Оның айтуынша, бұл процесс былайша жүзеге асырылады: "Қазір сіз көлік сатып алғанда сатушымен бірге арнайы ХҚКО-ға келіп, көлікті иеліктен шығаруға және қоюға құжат өткізіп, жаңа нөмірді екі сағаттай уақыт күтесіз", — дейді ол қазіргі процесс туралы. "Ал енді көлікті тіркеуге өтінішті онлайн тапсыруға болады. Бастапқыда электронды үкімет порталында өтініш түсіресіз, онда төленбеген айыппұлдар, салықтарды бірден тексеріп, мемлекеттік нөмір таңдайсыз, сосын сатушы келісімді растап, сіз кузовты тексеруге кез келген техбайқау пунктіне немесе арнайы ХҚКО-дағы ангарға барасыз (осы уақытта жаңа техпаспорт дайындау процесі жүріп жатады). Көлікті тексерген соң полиция қызметкері тіркеуді аяқтап, сіз арнайы ХҚКО-да дайын нөмір мен техпаспортты ала аласыз немесе осы құжаттарды "Қазпошта" АҚ арқылы ыңғайлы мекенжайыңызға жеткізіп беруге тапсырыс қалдыра аласыз. Осылайша автокөлікті тіркеу уақытын екі сағаттан 20 минутқа қысқарту жоспарланып отыр", — деді Оспанов.