Жарияланды: 1600

Қазақстанда көп тілді білім беруді дамыту стратегиясы жасалады

Астана. 11 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда көп тілді білім беруді дамыту стратегиясы жасалады. Бүгін Астанада өткен "Жоғары білім беру жүйесіндегі көп тілді білім беру: мәселелер және даму болашағы" атты конференцияда ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай деді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Бүгінде еліміздегі орта, кәсіптік және жоғары білім саласындағы ағылшын тілін оқыту жұмысы әлемдік талапқа сай емес. Көптілді білім беру жүйесі аясында біз орта, кәсіптік және жоғары білім саласындағы оқу-әдістемелік құралдарды қайта қарастыруымыз қажет. Себебі осы саладағы біздің ағылшын тілін оқыту жұмысымыз әлемдік талапқа сай емес. Осыған байланысты біз алдағы уақытта көптілді білім беру жұмысын әлемдік деңгейде мойындалған әдістемелік құралдар бойынша ғана жүргізетін боламыз. Келешекте осы мәселені шешу жолында нақты іс-шаралар белгіленбек. Қазақ және орыс тілдерін ағылшын тілін оқытудың халықаралық жүйесімен бірдей моделін жасап шығару қажет", - деді Ж.Түймебаев. Сондай-ақ министр еліміздегі көптілді білім беру жүйесін енгізудің заңнамалық базасын әзірлеу қажеттілігіне тоқталып, осы мәселені үйлестіруші республикалық орталықты құру қажеттігін атап көрсетті. "Білім және ғылым министрлігі көп тілді білім беруді жүзеге асыратын жоғары оқу орындары ретінде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлемдік тілдер университетін айқындады. "Тілдердің үштұғырлылығы" мәдени жобасын жүзеге асыру елімізде жоғары және жоғарғы мектептен кейінгі білімді дамытудың басым бағыттарының бірі. Жоғарыда аталған жағдайларды жүзеге асыру көп тілді білімді дамытуға, қоғамды экономиклаық және әлеуметтік жағынан модернизациялаудың басты факторы ретінде бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді",- деді еліміздің білім және ғылым министрі. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін