Қазақстанда мемлекет және қоғам қайраткері Ж. Тәшенев туралы деректі фильм түсірілмек - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда мемлекет және қоғам қайраткері Ж. Тәшенев туралы деректі фильм түсірілмек

Қазақстанда мемлекет және қоғам қайраткері Ж. Тәшенев туралы деректі фильм түсірілмек

Қазақстанда мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев туралы деректі фильм түсіріледі. Бұл туралы бүгін Астанада «Ж.Тәшеневтің азаматтық ерлігі және қазіргі патриоттық тәрбие» тақырыбында өткен ғылыми конференцияда мәлім болды.

  • 3 Ақпан 2011
  • 612
Фото - Caravan.kz

Кинорежиссер Халила Омаровтың айтуынша, қазіргі уақытта Ж.Тәшенев туралы мағлұматтар мен материалдар қорытылып жатыр. Толық көрініс қалыптасқаннан кейін, біз түсіру жұмыстарын бастаймыз»,-деді ол.

Қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу мақсатында Кремльге қарсы шығып, «кісендеулі жолбарыс» деген ат алған, қазақтың біртуар ұлдарының бірі — Жұмабек Тәшеневтің туғанына 96 жыл толып отыр.

КСРО басшысы Хрущев Қазақстанның солтүстіктегі бес облысын — Ресейге, Маңғыстау түбегін — Түрікменстанға, оңтүстіктегі мақта егетін аудандарды Өзбекстанға беру мәселесін көтерген кезде, 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж. Тәшенев «Орталық әр республиканың аумақтық мәселесіне килігуін тоқтатсын» деп қарсы шыққан. Осы кикілжіңнен кейін Орталық, оны Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босатады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Ахметовтің айтуынша, Ж. Тәшенев қазақ мүддесін бірінші орынға қойған. Б.Момышұлын Кеңес Одағының батыры атағына екі рет ұсынады. Дегенмен Мәскеу ол атақты беруге екі рет бас тартады. Ол Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрған кезінде Алматыдағы Абай ескерткіші салынып, Медеу мұз айдынының құрылысы жанданды. Қазақтың 5 мәдениет қайраткері «ҚазКСР Халық әртісі» атағын алды.

«Ол сұрапыл хрущевтік дәуренде Орталыққа қарсы шығып, Қазақстанның солтүстік аймағындағы байлығы шалқыған, егін-жайы толқыған бес облысын көрші Ресейге қосудан аман алып қалған болатын. Және ол осы әрекеті үшін ешқашан өкінбегендігін естеліктерінде айтады. Өкінішке орай, қазір Қазақстанда Жұмабек Тәшеневтің ескерткіші орнатылмаған. Астана мен Шымкент қалаларында екі-ақ көшеден басқа осы ірі тұлғаның атымен аталатын көше, бірде бір мектеп жоқ. Бүгінгі конференцияның басты мақсаты — қоғамды осы мәселеге назар аударту, қоғамдық пікір қалыптастыру»,-дейді Халила Омаров.

Жұмабек Тәшенев 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Танакөл ауылында дүниеге келген. 1928-1934 жылдар аралығында жергілікті жастардың Шаруашылық мектебінде, одан соң Ақмола құрылыс техникумында оқыды. 1934-1939 жылдары ол Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарында жауапты қызметтер атқарған. 1939 жылдан 1948 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда — облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары, облыстық мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Ал 1948 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалып, 1952 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарды. Одан кейін, яғни 1952-1955 жылдары Ақтөбе облысын басқарды. 1955 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы болып сайланды, ал 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалған. Алайда ол бұл лауазымда 11 ай ғана отырды.


Жұмабек Ахметұлы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан тура бір ай бұрын Шымкентте көз жұмды.

Перейти к новостям спорта