Қазақстанда оқу әдебиеттерін әзірлеп, басып шығару мәселесі халықаралық конференцияда талқыланды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда оқу әдебиеттерін әзірлеп, басып шығару мәселесі халықаралық конференцияда талқыланды

Қазақстанда оқу әдебиеттерін әзірлеп, басып шығару мәселесі халықаралық конференцияда талқыланды

2012 жылдың 30 қазаны күні Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Оқу әдебиеттерін әзірлеу, сараптама, апробация, мониторинг жүргізу және басып шығару жүйесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жаңғырту» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

  • 31 Қазан 2012
  • 530
Фото - Caravan.kz

Конференция мақсаты — Қазақстан Республикасында оқулықтарды басып шығаруды дамытудың басымдылық бағыттарын анықтау, оқулықтану саласында теориялық және қолданбалы зерттеулерді талқылау, Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, 2012-2016 жылдарға арналған Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың ұлттық жоспарын, Елбасы Н.А. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпығы Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын, «Қазақстан білім қоғамы жолында» Елбасының интерактивті дәрісін іске асыру мақсатында бірқатар елдердің ғалымдары, баспагерлері мен осы сала мамандарының арасында ғылыми және іскерлік байланыстар орнату.

Конференция жұмысына ҚР Парламент Сенатының өкілдері, ҚР БҒМ өкілдері, Астана, Алматы қалалық және облыстық білім беру басқармаларының, республикалық бағынысты ұйымдардың, «Өрлеу» АҚ, «Мемлекет тарихы институты» мемлекеттік мекемесі, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, мектеп мұғалімдері, сарапшылар, оқулық авторлары мен оқулықтану және оқу басылымдарын әзірлеу саласының мамандары, ТМД елдерінің мемлекеттік білім беру ұйымдарының өкілдері (Әзірбайжан, Ресей), қазақстандық және шетелдік (Ұлыбритания, Румыния, Чехия) баспалардың өкілдері қатысты.

Конференцияны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Ж.А. Жонтаева ашты. Департамент директоры өз сөзінде білім беру мазмұнын жетілдірудің негізгі бағыттарын атап өтті.

ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғ.Есім өз кезегінде оқулық сапасын арттырудың жолдарын ұсынды, «Оқулық» орталығының директоры Б.С.Кәрімова оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарға сараптама, апробация, мониторинг жүргізу және басып шығару жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа бағыттарын анықтайтын Ережені және «Дамытушы оқулық» Тұжырымдамасының жобасын ұсынды.

Әзірбайжан студенттерін қабылдау бойынша Мемлекеттік комиссия бөлімінің меңгерушісі А.Батыеваның оқулықтарға мониторинг жүргізу технологиясы, Ұлыбритания баспасының өкілі Т.Доугуелли «Macmillan» функционалдық сауаттылықты дамыту, П.Збили «Cambridge University Press» оқу әдебиеттерін әзірлеу және бейімдеу, Т.Филлипс «Pearson Longman» көптілді оқыту, «SC SIVECO Romania SA» (Румыния) бірлестігінің вице-президенті К.Тодораның электронды оқыту, ағылшын тілін оқытудың Халықаралық Ассоциациясының мүшесі А.Бейсовичтің (Чехия) ерте жастан ағылшын тілін оқыту туралы және т.б. баяндамалары конференцияға қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Талдау барысында баяндамашылар, атап айтқанда, Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қ.Әбдиев, Ұлттық аккредитациялау орталығының директоры Р.Сейдахметова және т.б. тестік тапсырмаларын құрастыру, оларға сараптама жүргізу сұрақтары бойынша барлық қызығушылық танытушы жақтардың қызметтерін өзара байланыстыру және үйлестіру, оқу басылымдарының сапасын бағалауға және әзірлеуге құзырлы мамандарды кең көлемде тарту қажеттілігін атап өтті.

Жұмыс барысында конференцияға қатысушылар оқушылардың функционалдық сауаттылығын ескере отырып, оқулықтану саласында ғылыми мектептер құру және көптілді білім беруді енгізу, авторлық ұжымдарды қалыптастыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу қажеттігін көрсетті.

Жұмыс қорытындысында конференцияда қарастырылған барлық сұрақтар бойынша ұсыныстар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар