М.Портердің айтуынша, нарықтық экономикалы елге айналуға бағытталған жаңартулардың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алды. «Жалпы макроэкономикалық саясаты, Ұлттық қор құруы, заңдық-нормативтік базаны жетілдіру тұрғысынан алып қарағанда Қазақстан ТМД елдерінің аясында жетекші елге саналады және алға қарай қарыштап қадамдар жасауда»,- деді М.Портер. Ол «Соңғы бірнеше жылда қол жеткізілген ілгерілеушіліктер Қазақстан реформалардың келесі кезеңіне аяқ басу мүмкіндігіне деген сенімді күшейте түседі»,- деп атап көрсетті.
М.Портер Қазақстан президентімен сұхбат барысында Қазақстанның алдағы 20 жылға арналған даму стратегиясы аясында елдің бәсекелестік қабілетін арттыруды көздейтін жоба талқыланғанын хабарлады.
М.Портердің пікірінше, Қазақстанның бәсекелестік қабілетін арттыру үшін «кластерлік көзқарас» қажет, соның ішінде «әлемдік деңгейдегі» елге айналу үшін «ел экономикасының әлеуетті салаларын айқындау қажет». «Қазір біз бірінші топқа кіретін кластерлерді айқындау және одан әрі қарай жеке меншік сектормен етене жақын жұмыс істеу үшін экономикалық зерттеулерге кірістік», бұл ел экономикасын дамыта түсу үшін қажет, деді М.Портер.
Қазақстанда экономикалық жаңартулардың екінші кезеңін жүзеге асыруға кедергі келтіруі ықтимал негізгі факторлардың бірі ретінде М.Портер «азаматтардың менталитетін» атады. Оның пікірінше, Қазақстанда халық арасында «бәрін де үкімет беруі тиіс» деп қарап күтіп отыратын ағым басым. М.Портердің пайымдауынша, «елдің болашақ дамуына қатысты жауапкершілікті Қазақстан азаматтары өз мойнына алуы тиіс». «Бұл ретте үкімет тек көмекші роль ғана атқарғаны абзал»,- дейді М.Портер.