Полицейлердің ақпараттарына сүйенсек, аталмыш іс-шара 14-21 ақпан аралығында жүргізіледі. Ол қылмыстардың алдын алуға, анықтауға және ашуға, сонымен қатар қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кетен тұлғаларды табуға бағытталған. Сонымен қатар, есірткі және психотроптық заттарды елге әкелу жолдарын анықтау мен алдын алудың біріккен іс-шараларын жүргізу де жоспарлануда.
«Құқық және тәртіп» жедел — алдын алу іс-шарасын өткізген бірінші күні Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері кезекшілік атқарған бір тәулікте тіркелген 21 қылмыстың жиырмасын ашты. 627 адам профилактикалық есепке алынды, олардың 105 бұрын сотталғандар, 308 — нашақорлар мен маскүнемдер, 73 — кәмелеттік жасқа толмағандар. Сондай-ақ, көлікті мас күйінде айдаған 26 жүргізуші құрықталды.
Қостанай облысының Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, облыс полицейлері 64 қылмыстың бетін ашқан. Іздеуде жүрген 8 қылмыскер құрықталып, есірткі заттының заңсыз айналымына қатысты 6 дерек ашылған. Жол полициясы басқармасының қызметкерлері 350 жол қозғалыс ережелерін бұзу дерегін анықтады.
Сонымен қатар, Алматы қаласының полицейлері «Құқық және тәртіп» жедел — алдын алу іс-шараларын жүргізген екі тәулік ішінде 82 қылмыс тіркеліп, олардың 61-ін «ізін суытпай» ашқан. Бес есірткі сату дерегі анықталып, заңсыз айналымнан алты килограммнан астам есірткі заттары тәркіленген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті