Қазақстанда сайентологтардың қызметі заңсыз деп танылуы мүмкін
Дін істері жөніндегі агенттік еліміздегі сайентологтар бірлестіктерін діни ұйым ретінде мойындаған жоқ. Нәтижесінде олар қайта тіркеуден өте алмай қалуы мүмкін, деп аталған ведомство басшысының орынбасары Марат Әзілханов мәлім етті. |
«Олар құрылтай құжаттарын қайта тіркеуге тапсырған болатын. Агенттік тарапынан жүргізілген сараптама нәтижесінде аталған бірлестік діни ұйым деп танылған жоқ. Біздіңше, сайентологтар діни бірлестік болып саналмайды», - деді ол бейсенбі күні «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында.
Орынбасардың айтуынша, сараптама нәтижесі Әділет министрлігіне жөнелтілді. Енді аталған ұйымда қайта тіркеу-тіркемеу мәселесін министрлік шешеді.
«Тіркеуден бас тартқан жағдайда сотқа Қазақстан аумағында аталған бірлестіктің қызметін шектеу жөнінде шағым түсіреміз», - деп атап өтті М.Әзілханов.
Ал, бірлестікті экстремистік ұйым деп тануға себеп жеткіліксіх көрінеді.
Оның айтуынша, дәстүрлі емес діни бірлестіктердің кейбірі тіркеуден өтіп те үлгеріпті.
«Халықтың бірқатар діни бірлестіктерге қатысты пікірі әр түрлі. Бірақ олардың жарғылары да, құжаттары да, діни тәжірибесі де заңға қайшы келмейді. Сондықтан ондай бірлестіктердің бірқатары тіркеуден өтті. Олардың қатарында «Благодать» бірлестігі бар», - деді ол осы орайда.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін