«Жағымды жаңалықпен бөліссем, біз «Ұлы дала Елінің тауарлары» атты жалпыұлттық бренд құратынымызды жариялаймыз. Мемлекет басшысы Қазақстан Ұлы Дала Еліне айналуы керек деген. Біз Елбасының сол бастамасын қолдап, «Ұлы Дала Елінің тауарлары» деген бірыңғай бренд құрмақпыз»,-деді Н.Әлтаев.
Оның айтуынша, бұл белгілі тауар таза қазақстандық өнім екенін, халық арасында өте танымал және өте сапалы екенін білдіретін болады.
«Осы брендке қосатын тауарлар тізімін белгілемес бұрын, кәсіпорындар арасында аудит жүргіземіз. Себебі, тауарды кәсіпорын шетелден әкеліп, «Қазақстанда жасалған» деген белгіні жапсыра салмағанына көз жеткізуіміз керек. Екіншіден, тауардың сапалы екенін дәлелдеуі керек. Үшіншіден, ол тауарды халық қолдауы керек»,-дей келе Н.Әлтаев «Рахат» кәмпиттерін, «Эйр Астана» компаниясын, Алматының апортын «Ұлы Дала Елінің» тауарлары брендіне қосуға әбден болатынын атап өтті.