Қазақстанда террорист қылмыскерлерді ұстайтын арнайы түрмелер болуы керек пе? - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда террорист қылмыскерлерді ұстайтын арнайы түрмелер болуы керек пе?

Қазақстанда террорист қылмыскерлерді ұстайтын арнайы түрмелер болуы керек пе?

Бүгінгі таңда Қазақстан түрмелерінде 370-ке тарта қылмыскер лаңкестік пен экстремизмге қатысты қылмысы үшін жазаларын өтеуде.

  • 14 Қараша 2012
  • 539
Фото - Caravan.kz

Басқа сотталушыларға теріс ықпалы жүрмесі үшін оларды жеке ұстайтын арнайы түрмелер болуы керек пе? Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында осы мәселе біраз сөз болды.

Тоқтала кететін жайт, депутат Мұхтар Тінікеев терроризм бабы бойынша сотталғандар түрмеде басқа да қылмыскерлермен бірге отыратынын, оның кейбір теріс әсерлері де бар екенін айтқан еді. Сосын бұл тұрғыда Ішкі істер министрлігінде жақсы тәжірибе болғанын жеткізген болатын депутат. «Ішкі істер министрлігі кезінде қылмыс әлемінің беделділерін, «заңдағы ұрыларды» жаппай құрықтап, оларды шетел асырып тастаған болатын. Ал мына жағдайда терроризм бабымен сотталғандар өздеріміздің азаматтар болғандықтан оларды басқалардан оқшаулап ұстау, жеке түрмелер салу туралы әлемдік тәжірибені зерделеу керек тәрізді», — деді депутат М. Тінкеев. «Біздің елімізде осындай қылмыскерлер үшін арнайы жеке түрмелер болуы қарастырылады ма?», — деп сұрады ол.

Өз кезегінде ҰҚК төрағасының орынбасары Қабдулкәрім Әбдізақов басқа да сотталушылардың радикалдануына қатысты осы фактор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұдайы назарында тұрғанын, біраздан бері зерделеніп жатқанын, оның ішінде әлемдік тәжірибе зерттелуде екенін алға тартты. Оның айтуынша, қазіргі таңда арнайы жеке түрмелерде ұстау тәжірбесі Египет, Сауд Арабиясында бар көрінеді. Көршілес Өзбекстанда да осы бағыттағы ішінара жекелеген мәселелер қамтылған.

«Біз де бұл жайтты сараладық, сосын ондай ұсыныстар да жасадық. Дегенмен, мұның екі қыры бар. Мәселен, бүгінгі күні біздің түзету мекемелерімізде 370-тен астам терроризм мен экстремизмге қатысты баппен сотталғандар отыр. Егер оларды жеке түрмелерде, өздерін ғана топ-тобымен ұстасақ, онда оларды түзеу, түзу жолға салу да қиын бола ма деп ойлаймыз. Шынымен, олардың өзін жекеше арнайы түрмелерде ұстау лаңкес қылмыскерлердің бетін қайтаруды, түзу жолға иландыруды, радикалдық идеологиядан бас тарттыруды қиындатып жіберетін еді. Дегенмен, кейбір елдерде ондай тәжірибе баршылық», — деді Қ. Әбдіқазымов.

ҰҚК төраға орынбасарының айтуынша, дегенмен бұл мәселе қылмыстық атқару органдары жүйесінде камераларға оқшаулап ұстау бойынша біртіндеп жүзеге аса бастаған. Мәселен, қылмыстық атқару жүйесінде басқа контингентке теріс ықпал ететін, онымен жұмыс істеу мүмкін болмайтын басбұзар қылмыскерлерді камераларға бөлек ұстау жүргізілген. Осындай ұстау камералары Арқалықта, Жезқазғанда, Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында бар.

«Осылайша оқшаулап ұстау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, әлгі тәжірибені ары қарай зерделей түсеміз. Тәжірибе жинақтасақ, сараласақ, қорытынды жасап, одан кейінгі мәселені бірлесе талқылайтын боламыз», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар