Қазақстанда тұңғыш рет 2016 жылдан бастап «Сот сараптамасы» мамандығы енгізіледі
![]() |
Қазақстанда 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұңғыш рет «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары Жіктеуішіне» |
магистратура деңгейі бойынша «Сот сараптамасы» мамандығы енгізіледі.
Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының ұйымдастыруымен өткен «Шығыс-Батыс: сот сараптамасындағы әріптестік. Сот сараптамасының теориясы мен тәжірибесінің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының директоры Исидор Борчишвили мәлім етті.
Оның айтуынша, қазір бұл мамандықты Жіктеуішке PhD докторантурасы деңгейі бойынша да енгізу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бакалавр деңгейі бойынша да жұмыстар қолға алынуы мүмкін.
«Қазақстан Республикасының «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары Жіктеуішінде» «Сот сараптамасы» мамандығы тіпті болған жоқ. Бұл жағдайда сот-сараптама мамандығы бойынша магистр және докторларды даярлау өте қиын соқты. Ал, ҚР құқық қорғау органдарын 2020 жылға дейін жаңғырту мемлекеттік бағдарламасында сот-сараптама мамандығы бойынша магистрлар, докторлар даярлау көзделген. Біз сол үшін 2014 жылы - бір жыл бойы ҚР Білім және ғылым министрлігімен жүйелік жұмыстар жүргіздік. Бұдан басқа, еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарымен сот сарапшыларының біліктілігін арттыру мәселесі бойынша ынтымақтастық орнаттық», - деді И. Борчишвили.
Сонымен қатар ол сот сараптамаларының жаңа түрлерін әзірлеу керектігін жеткізді.
«Қазір Қазақстанда 44 сараптамалық мамандық бойынша 22 түрлі сот сараптамасы жүргізіледі. Бұл жеткілікті ме? Олар заман талабына жауап бере ала ма? Сараптамалық іс-тәжірибелер, құқық қорғау және басқа да органдар мен соттардың қажеттіліктері бойынша жасалған талдаулардың нәтижелеріне, ел ішіндегі және шет елдердегі қазіргі жағдайға қарайтын болсақ, біздің жүргізіп жатқан сараптамаларымыз трансұлттық қылмыстар, лаңкестік әрекеттер, техногендік сипаттағы апаттар, әуе көліктеріндегі апаттар секілді қауіп-қатерлерге толық көлемде жауап бере алмайды екен. Не істеу керек? Мына жаhандану кезеңінде, мемлекеттер әр түрлі одақтарға бірігіп жатқан шақта, шетелдік әріптестермен кейбір сараптама түрлері бойынша ортақ әдістеме әзірлеу керек деп санаймын. Бұл сот-сараптамалық зерттеулерді тиімді жүргізуге мүмкіндік берер еді. Біз түрлі елдердің сот сараптамасы органдарының күшін біріктіруіміз қажет. Сонда кез келген қауіп-қатерге қарсы тұра аламыз», - деді И. Борчишвили.
Қазір елімізде сот сарапшылары ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы және «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы шет елдерде даярланады әрі біліктілігін арттырады.
Биыл осы бағдарлама аясында Сот сараптамасы орталығының 18 сарапшысы Лондонның экономика және саяси ғылымдар мектебінде бір жылдық тағлымдамадан өткен. Сонымен қатар, 87 сарапшы биыл басқа да елдерде білімдерін жетілдіріп қайтқан.
Айта кетелік, бүгінгі халықаралық конференцияға ҚР Әділет министрлігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстанның сот сараптамасы мекемелерінің басшылары мен жетекші сарапшылары және Армения, Әзербайжан, Беларусь, Вьетнам, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Украина және басқа да елдерден келген ғалымдар, барлығы 150-ден астам адам қатысты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін