Жарияланды: 450

Қазақстанда тұрғын үй иелерінен қарыздарды өндіріп алу процедуралары жеңілдетіледі

Қазақстанда Пәтер иелері кооперативтерінің алдында борыштары бар тұрғын үй иелерінен қарыздарды өндіріп алу процедуралары жеңілдетілуде. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі департаментінің директоры Василий Маслов айтты.

«Өткен жылы Қазақстанда ПИК-тердің талабы бойынша, шатырлар мен жертөлелердің жөндеу жұмыстары үшін ақша төлемейтіндерден 350 млн. теңге өндіріліп алынды», - деді В.Маслов. Оның айтуынша, өндіріп алынған сома алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге көп. Онымен бірге, егер бұған дейін борыштар бойынша сот отырыстары 5-6 айға, тіпті одан да көп уақытқа созылып келсе, енді шешімдер соттың бір жақты қарауымен қабылданады. «Жаңа заңмен («Тұрғын үй қатынастары туралы») біз сот отырыстарынан алшақтап, сот бұйрықтары процедурасына көшетін боламыз. Судья қажетті құжаттар пакетін алғаннан кейін, тыңдау үшін тараптарды отырысқа шақырмайды. Өзі бұйрық шығарып, орындаушыға тапсырады. Процесс 2-3 аптаға ғана созылатын болады. Заңға енгізілетін өзгертулер қазір Мәжілісте қаралуда», - деді В.Маслов. Агенттік өкілі атап көрсеткендей, пәтер иелері тұрғын үйді жөндеуге кеткен шығындар үшін төлемдерді үш ай кешіктірсе, ПИК иелері оларды сотқа бере алады. «Жалпы Қазақстанда тұрғындардың 10 пайызы борышкерлер болып саналады», -деп атап өтті ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін