«KazCard төлем карточкасының пайда болуы Қазақстандағы төлем карточкасы рыногының жаңаша даму кезеңі басталғанын паш етеді. Сонымен бірге жаңа өнім ұлттық бренд санатына қосылады»,- деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Асқар Елемесов.
Микропроцессорлық төлем карточкасы Бельгияның Open Way компаниясының кешенді бағдарламалық қамтамасыздығы негізінде жасалған. KazCard төлем карточкасының техникалық мүмкіндіктері оған халықаралық карточкалар жүйесіне еркін кірігуге жол ашады.
Ал Open Way өкілі Андрей Верениновтың айтуына қарағанда, жаңа карточка бірінші кезекте ел ішіндегі төлемдерді жүзеге асыру үшін жасалған. «Қазақстанда қазіргі бар Visa және MasterCard брендтері аясындағы төлем карточкаларымен салыстырғанда KazCard мейлінше ауқымды міндеттер жүктейді. Ұлттық карточканың дүниеге келуі Қазақстанда дербес карточка жүйесі инфрақұрылымының негізін қалау мүмкіндігі бар екенін айғақтайды»,- деді ол.
Ұлттық смарт-картаның мүмкіндіктері үлкен. Мәселен, KazCard жалпы төлем карточкаларының негізгі функциясы — қолма-қол ақшамен жүргізілетін операциялардан басқа электронды төлқұжат немесе жүргізуші куәлігі ретінде пайдаланылады.
Ұлттық төлем карточкасы таяу болашақта ауыл тұрғындарын банк және төлем жүйесінің қызметін тұтыну мүмкіндігімен қамтамасыз ету мақсатын көздейді. «Коммерциялық банктердің салалық бөлімшелері жоқ аудан орталықтары мен ауыл тұрғындары Қазпоштаның желілері арқылы ұлттық төлем карточкасының көмегімен жалақы және зейнетақысын алу, коммуналдық және басқа да төлемдерді жеңілдету мүмкіндігіне ие болады»,- деді «Қазпошта» АҚ басқармаларының төрағасы А.Арыстанов.
«Ұлттық процессинг орталығы» АҚ мен «Қазпошта» АҚ 2005-жылы 45 банкомат пен 4 мың POS-терминалдар орнатуды көздеп отыр. Биыл KazCard эмиссиясы 24 мың дананы құрайды.