Қор құрылтайшылары — кәсіпкерлердің жалпыұлттық «Атамекен» одағы мен Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қор өкілдері бүгін еліміздегі кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тікелей қолұшын беруге шақырып, кәсіпкерлерге еліміздің түрлі аймақтарында осындай қор құру туралы ұсыныс жасады.
Қор тұрақты жұмыс істейтін болады. Жиналған қаржы дәрігерлік көмекке мұқтаж ардагерлерге берілмекші. Көмекке ие болу үшін ардагерлер дәрігердің қорытындысы мен көмек көрсету қажеттігі туралы анықтама жіберуі тиіс. Осындай құжаттардың негізінде «Жеңіс-Победа» қайырымдылық қоры қаржыны ардагер емделетін клиникаға аударатын болады.
«Қор жұмысының ашықтығын толыққанды қамтамасыз ету үшін қамқоршылар кеңесі құрылып, оған кәсіпкерлер, ардагерлер және экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттігінің өкілдері қамтылды»,- деді Е.Досмұхамедов.