Қазақстанда жол полициясына тиесілі көліктердің бәріне бейне тіркеу құралдары орнатылады
Қазақстанда жол полициясының автопаркі толығымен бейне-бақылау құралдарымен жабдықталады. |
«Биылғы жылы біз 500 дана бейне тіркеу құралын сатып алдық, алдағы уақытта автопаркімізді түгел дерлік тіркеу құралдарымен жабдықтамақпыз», - деп сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы сарапшылар тобының жол қауіпсіздігі мәселелеріне арналған отырысында ІІМ Жол полициясы комитеті төрағасы Берік Бисенқұлов мәлім етті.
Б.Бисенқұловтың айтуынша, қазір жол полицейлерінің көліктері бейне-бақылау құралдарымен жоспарлы түрде жабдықталып жатыр.
«Бейне-тіркеу құралдары тұрақты түрде жұмыс істейді. Ол экипаждың қозғалысын бақылауға, әкімшілік материалдарды толтыру барысында полицейлер мен тәртіп бұзғандар арасында қақтығыстарды болдырмауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.
«Қызметкерлеріміздің тәртібі, олардың барлық іс-әрекеті жазылады. Ауысым біткеннен кейін бейнежазбалармен танысып, сол бойынша шара қолданамыз», - деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, жыл басынан бері жол полицейлері 1,5 млн астам заң бұзушы мен 35 мыңнан астам мас жүргізушілерді ұстаған.
28 мыңнан астам адам көлік айдау құқынан айырылса, 4 мыңнан астам адам әкімшілік тұтқынға алынды. Жол ережесін бұзған 105 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.
Мемлекет бюджетіне айыппұл есебінен 5,8 млрд теңге қаржы түсті.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін