«Биылғы жылы біз 500 дана бейне тіркеу құралын сатып алдық, алдағы уақытта автопаркімізді түгел дерлік тіркеу құралдарымен жабдықтамақпыз», — деп сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы сарапшылар тобының жол қауіпсіздігі мәселелеріне арналған отырысында ІІМ Жол полициясы комитеті төрағасы Берік Бисенқұлов мәлім етті.
Б.Бисенқұловтың айтуынша, қазір жол полицейлерінің көліктері бейне-бақылау құралдарымен жоспарлы түрде жабдықталып жатыр.
«Бейне-тіркеу құралдары тұрақты түрде жұмыс істейді. Ол экипаждың қозғалысын бақылауға, әкімшілік материалдарды толтыру барысында полицейлер мен тәртіп бұзғандар арасында қақтығыстарды болдырмауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ол.
«Қызметкерлеріміздің тәртібі, олардың барлық іс-әрекеті жазылады. Ауысым біткеннен кейін бейнежазбалармен танысып, сол бойынша шара қолданамыз», — деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, жыл басынан бері жол полицейлері 1,5 млн астам заң бұзушы мен 35 мыңнан астам мас жүргізушілерді ұстаған.
28 мыңнан астам адам көлік айдау құқынан айырылса, 4 мыңнан астам адам әкімшілік тұтқынға алынды. Жол ережесін бұзған 105 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.
Мемлекет бюджетіне айыппұл есебінен 5,8 млрд теңге қаржы түсті.