Елшінің айтуынша, дипломатиялық өкілдіктің жаңа ғимаратында барлығы 300 адам, соның ішінде елшіліктің 130 қызметкері мен қызмет көрсетуші 160 адам жұмыс істейтін болады. Олардың арасында АҚШ-тың 6 теңіз әскері де бар.
Астанадағы жаңа елшілік ғимаратының кешені жобасының бас директоры Джон Уитнидің журналистерге хабарлауынша, кешен алдағы жылдың маусым айында сынақтан өткізіледі. Ал құрылыс жұмыстарының бас мердігері болып табылатын Fluor Intercontinental, Inc. фирмасы 2006-жылдың тамыз айында нысандарды толыққанды салып бітірмекші. Оның айтуынша, қазір компания қажетті жұмыстардың 40 процентін атқарып бітті. Құрылысты 600 жұмысшы салып жатыр. Олардың 272-сі Қазақстан азаматтары болса, 312-сі Түркия азаматтары. «Біз кешенді салу жұмыстарын тоқтатпау үшін ғимаратты биылдан бастап жылытамыз»,- деді жобаның басшысы.
Джон Уитни кешен құрамына 11011 шаршы метр аумақты алатын әкімшілік ғимарат, 636 шаршы метр аумақты алатын дипломатиялық миссия жетекшісінің резиденциясы, 755 шаршы метр аумақты алатын теңіз әскерлеріне арналған корпус, инженерлік коммуникациялар ғимараты, қойма және шеберханалар енетінін атап өтті. Кешен құрылысын салуға 8,614 гектарлық жер телімі бөлінген. АҚШ мемлекеттік департаменті кешен құрылысының дизайнын жасау және құрылысын салу туралы келісім-шартына 2003-жылдың 29-қыркүйегінде қол қойған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті