Жарияланды: 840

«Қазақстандағы ашаршылық нәубетін геноцид деп танымайынша, тарихи әділеттілік қалпына келе ме?»

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбайдың «Тіл -бірлік пен үйлесімнің негізі» деген тақырыппен мақаласы басылды. Мақаласында автор: «Мемлекеттік тілде ресми іс жүргізу барысының жандануына орай, қоғамның түрлі ұйымдары мен мекемелерінде қазақ тілінде ресми еңбектер, хат-қағаздар жазу, хабар алысу, дәріс оқу, сөйлеу, тіл қа­тысу мөлшерінің артқаны белгілі. Осын­дай

деңгейге жетудің басты себебінің бірі - бұрынғы бірқатар терминдердің тілімізге сіңісіп, қолданысқа енуі. Олардың едәуір бөлігі ғылым-білім, оқу-тәрбие, әлеуметтік-саяси салалардағы ежелгі сөздерді «жаңғырту» жолымен жасалды. «Алайда соңғы жылдары тіліміздің терминологиялық жүйесін әзірлеу бел­сен­ділігінің күрт өсуіне қарамастан ұлт­тық нақыштағы терминдерді жасау кезінде қазақ тілінің ішкі ресурстары, лингвистика ғылымының жетістіктері барын­ша толық пайдаланылмай келеді», -деген ой айтады. «Бюджет есебі таныстырылды», «Егемен Қазақстанда» осындай тақырыппен жарияланған мақалаға Сенаттың Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінде өткен мәжілісте көтерілген мәселелер арқау болған. Онда баяндама жасаған Қаржы министрі Б.Жәмішев 2010 жыл бюджетінің орындалу қорытындылары тура­лы баяндаған. Республикалық бюджет түсім­дері­нің жоспары 106 пайызға немесе 3 729,2 миллиард теңгеге, шы­ғыстар 99,1 пайызға немесе 4 284,0 миллиард теңгеге орын­далған. Б.Жәмішевтің айтуынша, республикалық бюджет бағдарлама­ла­рын­дағы 41 әкімшіліктен бюджет қаржысын 15 әкімшілік қана толық игерді, 10 әкімшілік белгіленген нәтижелерге қол жеткізе алмады. 2011 жылғы 1 қаң­тардағы жағдай бойынша бюджет қаржысының пайдаланылмаған қалдығы 93,4 миллиард теңгені құрады. *** «Айқын» басылымының жазуынша, соңғы кезде «Кеңестік кезеңдегі репрессияның құрбандары 5,5 миллион емес, одан он есе, жиырма есеп көп» дейтін жаңа зерттеулер пайда бола бастады. Алыс-жақын шетел зерттеушілері кеңестік жүйе кезінде қуғын-сүргінге ұшырағандар 40-50 миллион дегенді айтады. Әрине, бұл әлі анықтауды қажет етеді. А.Солженицин өзінің бір сұхбатында («Комсомольская правда»): «1917 жылдан 1959 жылға дейін кеңестік жүйенің өз халқына қарсы жасаған зұлматынан, яғни аштық, коллективтендіру, жер аудару, түрме-лагерьлерге қамау, ату-асу, азамат соғысы кезіндегі шығын бәрін қосқанда 66 миллион адам опат болды. Бұған екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалтқан 44 миллион отандастарымызды қосыңыз. Демек, социалистік құрылыс кезінде біз 110 миллион адамнан айрылып қалдық» дейді. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қанға бөктірген қызыл терор» атты мақаладан кеңірек білуге болады. «Өлген киіктің саны 441-ге жетті». «Айқын» газетінде осындай тақырыппен жарияланған мақалада Жәнібек ауданына қарасты Борсы ауылының маңында ақбөкендер тағы да жаппай өле бастағаны айтылады. «Осы суыт хабар жеткен күннің ертеңіне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған арнайы комиссия тікұшақпен оқиға орнына барып, жағдайды көзбен көріп қайтты. Киік атаулының бірінен соң бірі өлуін, біз биыл 26 мамыр күні түнде алғаш рет байқадық. Бір тәуліктің шамасында 50 шаршы шақырым аумағында өлген киік саны 200-250-дей басты құрады. Нақты қанша ақбөкен өлгендігі жансыз төшкелерді жинағанннан кейін белгілі болады», - дейді оқиға орнында жүрген «Охотзоопром» РМКК-ның Батыс Қазақстан аймақтық филиалының бас инспекторы Нұрлан Тәжіғалиев. *** «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Қазақстандағы ашаршылық нәубетін геноцид деп танымайынша, тарихи әділеттілік қалпына келе ме?» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда ашаршылық кезінде тауқымет тартып, тағдырлас болған Украина халқының ашаршылықтың қасақана ұйымдастырылғанын айтып, бұл зұлматты кезеңді кеңестік билік тарапынан болған геноцидке балады. Ал осындай жағдайды қазақ халқы да бастан өткергенімен ашаршылықтың тарихи әділ бағасы берілмей келеді. Елде бұл мәселеге қатысты бірді-екілі қоғамдық ұйымдар болмаса, бұл мәселеге бас қатырып жүрген ешкім жоқ. Ақпарат құралдарында ауық-ауық айтылғанымен нәтиже жоқ. Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, 30-жылдардағы саяси қуғын-сүргін жүрек ауыртар, зұлмат болып қана қалған жоқ, жылдар жылжыған сайын бізді өткенге қайтадан зер салуға итермелейді. Жазықсыз қырылған талай арыстың тағдырына жауап беру - әлі де болса НКВД мұрағатының мойнында. Құрбандар жаппай атылған, көмілген және басқа жұмбақ орындар мен бұрынғы ГУЛАГ ғимараттарды іздестіру экспедицияларын күтіп жатқандай. Отан соғысы даласынан мыңдаған майдангерлердің мәйітін тапқан арнайы жасақтарды енді арулап көмілмей қалған арыстар сүйегін іздеуге жұмылдыратын кез келген сияқты. Мақала «Көмусіз қалған арыстарымыз экспедицияны күтіп жатыр» деген тақырыппен берілген. *** «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Забвению не подлежит» атты мақала жарияланды. Онда Қазақстанның бүгін қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтіп жатқандығы айтылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Астана-Бәйтерек» әйелдер клубымен бірлесіп, бірқатар шаралар ұйымдастырған. Шара кеше «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде ескерткішке гүл қою рәсімімен ашылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть