Жарияланды: 920

Қазақстандағы қамқоршы органдар балалардың жоғалу жағдайының ақиқатын жасырады - Бас прокуратура

Астана. 9 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Прокуратура Қазақстандағы қамқоршы органдардың балалардың жоғалу жағдайының ақиқатын жасыру және ішкі істер органдарына жалған ақпарат беру деректерін анықтады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Республиканың прокуратура органдары 2007 жылы және 2008 жылдың І жарты жылдығы бойынша кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың және балалардың қараусыз қалуының алдын алу туралы заңдылықтың қолданылуына тексеру жүргізді",- деді ол. Аталған тексеру кәмелетке толмағандардың арасында бақылаусыздық пен панасыздықтың, құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін құрайтын мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметінің тиімділігін жоғарлату қажеттілігінен жүргізілді. Тексеру барысында прокурорлар балалар үйі мен интернаттағы балалардың жоғалуына ерекше назар аударды. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуші 340 ұйымның 102-сі тексерілді. Тексеру барысында балалар мекемелерінде дәлелсіз себеппен 178 бала жоқ болып шықты. Сөйте тұра олардың 84-не ғана іздеу жарияланған. Балалар мекемелерінің әкімшілігі балалардың жоқтығын олардың өз еркімен кеткендігімен түсіндіреді. Бірақ, тексеру барысында балалардың қашып кетуі балалар мекемелерінің лауазымды адамдардың заңнан тыс әрекеттеріне қатысты екені анықталды. Мысалы, ресми өкілдің хабарлауынша, Семей қаласының прокуратурасының балаларға қатыгездікпен қарау фактісі жөнінде қозғаған ісі бойынша №8 балалар үйінің директоры О.Колесникова қылмыстық жауапкершілікке тартылды. "Келесі мысал: 2008 жылдың қыркүйек айында Алматы облысының Үштөбе балалар үйінің тәрбиеленушілері Н.Вдовин, Р.Лазарев, Р.Мокавичук және В.Евлин наразылық ретінде балалар үйінен кетіп, қазіргі уақытқа дейін қайта оралмаған",- деді Бас прокуратура өкілі. "Наразылықтың себебі тәрбиеші Кілтбаева балаларды әрдайым қорлап, қол жұмсауға дейін барып отырған". Бас прокуратураның хабарлауынша, кейбір жағдайда ішкі істер органдары да кәмелетке толмағандарға іздеу салуға қатысты кешенді шаралар қабылдамаған. Мысалы, Семей қаласының ішкі істер басқармасының мәліметі бойынша 1991 жылы туған кәмелетке толмаған А.Лукиненко 2004 жылдан бастап мемлекетаралық іздеуде, ал оның жоғалған қарындасына қатысты белгісіз себептермен мүлдем іс қозғалмаған. Ал үстіміздегі жылы Лукиненколар Ресей Федерациясы Кемеров облысының балалар мен кәмелетке толмағандарға арналған "Теплый дом" әлеуметтік үйінен табылды, олар онда жарты жылдай тұрған. Қазіргі уақытта А.Лукиненко кәмелетке толуына байланысты балалар үйінен шыққан, ал оған қатысты іздеу ісі әлі күнге дейін тоқталмағаны таң қалдырады. Кейде қашқын балалардың өз еркімен кетіп қалғаны олар құқық бұзушылық жасаған кезде ғана белгілі болып жатады. Мысалы, "Тин Чэллиндж Қазақстан" оңалту орталығының тәрбиеленушісі Д.Александров орталықтан өз еркімен кетіп, 5 күн болмаған, ал орталықтың қызметкерлері оның жоғалғандығы жөнінде уәкілетті органдарға хабарламаған. Алайда көп ұзамай оңалту орталығына Алматы қаласы Бостандық ауданының ішкі істер басқармасынан Александровтың ұрлық жасағаны туралы ақпарат келіп жетеді. Бүгінгі күні ол бала іздеуде. Ақмола облысының №8 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім-балалар мен балалар үшін мамандырылған лицей директорының әрекеті бала денсаулығы үшін ауыр салдарға әкеп соқтырды. Лицей директоры Давыдова 3-ші дәрежедегі мүгедек В.Вартикті жұмыс істетуге ауылдың адамдарына ұдайы беріп тұрған. Көлік прокуратурасы Көкшетау станциясының теміржол вокзалының ғимаратында жүргізген тексеруі барысында денесінде соққының дағы бар Вартикті тауып алады. Бала шаруашылық жұмыстар орындау үшін Солтүстік Қазақстан облысы Шалқар ауылында өзінің ықтиярсыз ұсталғанын айтқан. Прокуратура оның 2008 жылғы сәуірдің 1-нен 16-на дейін лицейде болмағанын және сол уақытта жұмысқа пайдаланылғанын анықтады. Ал лицей әкімшілігі оны жоқтап, тұрған жерін анықтау бойынша ешқандай шара қолданбаған. Алматы қаласының "Кәмелетке толмағандарды уақытша ұстау" мемлекеттік мекемесінде де тексеру кезінде ондағы тізім бойынша 14 бала тұруы керек еді, ал іс жүзінде 6 бала ғана болған. Оның үстіне ол балалардың төртеуі тәрбиеленушілер емес, жоқ балалардың санын толтыру үшін мекеме қызметкерлері шақырып қойған олардың туыстары болып шықты. Сондай-ақ, прокурорлар балалардың жоғалу жағдайының ақиқатын жасыру және ішкі істер органдарына жалған ақпарат беру деректерін де анықтады. Мысалы, Жаңаөзен қаласының "Облыстық балалар үйі" мемлекеттік мекемесінің бысшылығы қаланың ішкі істер бөліміне тәрбиеленушілер Н.Бараусова және Ю.Бояркина балалар үйінен 2008 жылдың 9 ақпанда қашып кеткенін хабарлады. Бірақ, ол мәліметтер жалған болып шықты. Атап айтқанда, Наталья Бараусованың амбулаторлық медициналық картасындағы жазбаларына сәйкес оның көрсетілген уақыттан ертерек кеткені белгілі болды. Түзеу мекемелеріндегі кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жағдайы да айрықша алаңдатушылық туғызады. ҚР Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің кәмелетке толмағандарға арналған екі тәрбиелеу колониясын тексеру барысында денсаулық сақтау, санитарлық-эпедемиологиялық жағдайлар және лицензиялау бойынша заң бұзушылықтар анықталды. Мысалы, асыраушысынан айрылғаны және өзге заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамтамасыз ету жөнінде 67 баланың кепілдік құқығы бұзылған. Республиканың прокуратура органдарының тексеру нәтижесісі бойынша заң бұзушылықты жою туралы 245 ұсыныс, 14 наразылық енгізілді, сотқа 18 талап арыз ұсынылды, 4 қылмыстық іс қозғалып, тәртіптік жауапкершілікке 142 адам тартылды. "Аталған заң бұзушылықтардың себебі көп, оларға бәрінен де бұрын қамқоршы органдар қызметкерлерінің қызметтік міндеттеріне салқын қарауы, заң нормаларын дұрыс білмеуі, мамандардың жетіспеуі, сонымен қатар оларды асырап, ұстаудың қолданыстағы заңдылықтың талаптарына, әлеуметтік жетімдіктің өсу үрдісіне және мемлекеттік аппаратының мүмкіншілігіне сәйкес келмеуі жатады",- деді С.Нұрпейісов. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін