Жарияланды: 590

Қазақстандағы саяжай иелеріне қажет құралдар сатып алу үшін шағын несие алу мүмкіндігі берілуі мүмкін

Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков саяжай иелеріне қажет құралдар сатып алу үшін несие беруді ұсынды. Үкімет мақұлдаған 2011-2014 жылдарға арналған саяжай, бақша шаруашылығын және қосалқы шаруашылықты қолдау бойынша шаралар кешенінің жобасында осындай ұсыныс бар.

«Кооперативтерден басқа, жеке тұлғаларды, яғни саяжай иелерін де қажет құралдар, арнайы техника сатып алу үшін шағын несиелендіру түрінде, әр облыс бойынша кем дегенде 20 миллион теңгеден қаржыландыру қажет...»,-деді министр сәрсенбі күні үкімет отырысында. Сонымен бірге, шаралар кешені саяжай учаскелерін инвентаризациялауды және қажет болса, бос жерлерді беруді қарастырады. Сондай-ақ, әкімдіктердің саяжай аудандарының инфрақұрылымын дамытуға жергілікті бюджеттерден қажет қаржы бөлуі, саяжай иелеріне артық өнімдерін өткізу үшін жағдай жасауы, коммуналдық базарлардан сауда орындарын бөлуін қарастырылған. «Бұл үшін бақша шаруашылығы кооперативтерін жеңілдікті қаржыландыру үшін әр облыс бойынша ӘКК-терді (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды) кем дегенде 50 млн теңге көлемінде қосымша капиталдандыру мәселесін пысықтау қажет», - деді А. Мамытбеков. Оның айтуынша, аймақтар саяжай иелеріне тұқым, көшеттер, тыңайтқыштар жеткізу, саяжай мүлкін ұрлау және жымқыру фактілері бойынша арыздарды саралау, қауіпті аймақтардағы күзетті күшейту мәселелерін орталықтандырылған түрде шешуге тиіс. Шаралар кешеніне суару суының бағасын төмендетуді қарастыру туралы ұсыныс та енгізілген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін