Жарияланды: 390

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындау

Жаңа жыл мерекесінен кейінгі кезеңде Қазақстанда айтарлықтай кадрлық ауыс-тиіс орын ала қойған жоқ.

Дегенмен Алматы облысында бірқатар басқармаға жаңа басшы келсе, спорт саласында да бірен-саран өзгеріс орын алды. «ҚазАқпарат» осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды. Сонымен Алматының «Қайрат» командасының экс-капитаны Илья Воротников жаңа маусымда басқа клубтың атынан өнер көрсететін болды. Айта кетерлігі, 26 жастағы Воротников өткен чемпионатта 16 матчта ойнады және біршама уақыт команданы капитандық байламмен алып шығып отырды. «Қайратта» ол соңғы екі маусымды өткізді, ал оған дейін «Атырау», «Алматы», казаньдық «Рубин» және «Ертіс» үшін ойнады. Сондай-ақ «Жеңіс» командасының сапында тамаша ойын өрнегін көрсетіп, тіпті 2000 жылы Қазақстан чемпионы атанған Александр Заруцкий «Астана» футбол клубының спорттық директоры болып тағайындалды. 43 жастағы ол бұған дейін Нальчик қаласының (Ресей) «Спартак» командасында дәл осындай қызмет атқарған болатын. А.Заруцкий футболшы ретінде Қазақстанда 2 маусымда жасыл алаға шыққан болатын. 2000 жылы «Жеңіс» сапында, ал 2003 жылы Семейдің «Елімай» құрамасында ойнады. Бұдан бөлек ол «Спартак» (Нальчик), «Алания», «Автодор» және Украинаның «Таврия» командаларында қорғаушы болды. Осы апта ішінде Алматы облысында облыстық басқармалардың бірқатар басшылары тағайындалды. Атап айтқанда, Темірлан Бектасов Алматы облыстық құрылыс басқармасының, Бағлан Тәнекенов Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, Сырым Қасымов Алматы облыстық жолаушылар көлігі мен автомобильдер жолдары басқармасының, Кеңесбек Мендебаев Алматы облыстық қаржы басқармасының бастығы болып жаңа қызметтеріне кірісті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін