Жарияланды: 470

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің дипломатиялық миссиясында жаңа тағайындаулар жасады.

Сондай-ақ өңірлік күш-құрылымдарда да бірқатар ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды. Сонымен, осы аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нұрғалиев Қазақстан Республикасының Кипр Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Б.Нұрғалиев 1951 жылы дүниеге келген. С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Ю.Андропов атындағы КСРО МҚК Қызылту институтын бітірген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол, кейіннен КСРО Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық миссияларында жұмыс істеген. Ал еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР СІМ Халықаралық қауіпсіздік және қарулануды бақылау басқармасына басшылық жасаған. Әр жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, еліміздің АҚШ, Канада, Мексика, Оңтүстік Корея, Жапония елдеріндегі елшісі болған. Сондай-ақ 2007-2009 жылдар аралығында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы лауазымын атқарған. Ал Қазақстан Республикасының Мальта Республикасындағы, Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андриан Елемесов тағайындалды. 49 жастағы А.Елемесов Түркіменстанда дүниеге келген. 1995 жылдан бастап еліміздің сыртқы істер министрлігінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған. Қазақстанның Италиядағы Елшілігінің консулы, ҚР СІМ-нің Орталық және Шығыс Еуропа бөлімінің бастығы, Қазақстанның Испания Корольдігіндегі Елшілігінің елші-кеңесшісі болған. Ол 2012 жылдың 8 маусымында Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып қызметке кіріскен. Сонымен қатар осы аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Рашид Ыбыраев Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговина Республикасындағы, Бұрынғы Югославияның Македония Республикасындағы, Сербия Республикасындағы, Черногория Республикасындағы, Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы қызметінен босатылды. Өтіп бара жатқан аптада Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 қарашадағы № 1411 қаулысымен Ардақ Мырзабайұлы Теңгебаев ҚР Қаржы вице-министрі болып тағайындалды. Ол 1971 жылы Торғай облысында туған. 1993 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 2002 жылы "Қайнар" университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады. Салық саласында зор тәжірибеге ие. Әр жылдары Семей қаласының, Маңғыстау облысының салық департаменттеріне басшылық жасаған. 2010 жылғы сәуірден бастап А. Теңгебаев Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен өңірдің Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастығы болып Бауыржан Тұяқов тағайындалды. 1985 жылы дүниеге келген ол, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. 5 жыл Қазақстан Жастары конгресінде жұмыс істеп, ысылған. Кейіннен Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы саяси партиялармен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің бас маманы болған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін аталған басқармаға қарасты жастармен және қоғамдық-саяси бірлестіктермен жұмыс бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Осы аптада «ҚазАгро» ұлттық холдингінің төрағасы "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке 32 жастағы Нармұхан Сарыбаев келді. Н.Сарыбаев - мамандығы бойынша халықаралық экономикалық қарым-қатынастар жөніндегі экономист. Чарлстоун (АҚШ), Хайфа (Израиль), Анкара (Түркия) қалаларында өткен инновациялық саясат, инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы саласындағы инвестжобаларды жүзеге асыру тақырыбындағы курстарды тәмәмдаған. Коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеген, "Агро-Трейд Со" ЖШС, "Мақта компаниясы" ЖШС, "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймақ дирекциясы" ММ-де басқарушы қызметтерді атқарды. 2009 жылдан "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ несиелеу департаментінің директоры, қор басқармасы төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін