Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды.

  • 2 Желтоқсан 2012
  • 311
Фото - Caravan.kz

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Орман Нұрбаев Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды. 1966 жылы дүниеге келген ол ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару жоғары ұлттық мектебін бітірген. Халықаралық қатынастар саласының маманы. Әр жылдары ҚР СІМ-нің өңірлік басқармалары мен департаменттерінде лауазымды қызметтер атқарып, еліміздің Малайзиядағы, Тәжікстандағы, Өзбекстандағы Елшіліктерінің бірінші хатшысы болған. Бірқатар уақыт ҚР Президенті Әкімшілігінде және Экономикалық және бюджеттік жоспарлау министрлігінде лауазымды қызмет атқарған.

Сонымен қатар Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды. 1951 жылы Оңтүстік Қазақстан облысныда дүниеге келген З.Тұрысбеков ҚР Жоғары Кеңесінің депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ҚР Көші-қон және демография агенттігінің төрағасы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің басшысы қызметтерін атқарған. 2003 жылдың 14 қазанында Елбасы Жарлығымен Ішкі істер министрі болып тағайындалған. Ал 2007 жылдан бері Қазақстанның Өзбекстандағы, Ресейдегі, Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Хамзаев Қазақстан Республикасының Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің басшысы қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды. 57 жастағы Алмаз Насреддинұлы дипломатиялық қызметтің ардагері саналады. Алматы шет елдер тілдері педагогикалық институтын бітірген. Әскери борышын өтегеннен кейін Қазақ КСР СІМ хаттама бөліміне екінші хатшы болып жұмысқа орналасқан. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Қазақстанның АҚШ-тағы, Ұлыбританиядағы елшіліктерінде жұмыс істеп, Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ еліміздің Испания, Италиядағы елшіліктеріне басшылық жасап, халықаралық туристік ұйым жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болған.

Батыс Қазақстан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Аслан Қабиболлаұлы Жақыпов облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды. А.Жақыпов 1977 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мамандығы — есепші-экономист. 1998 жылы — Орал қаласындағы «Конденсат» АҚ коммерциялық қызмет менеджері. 2002-2006 жылдары Астана қаласындағы «Қазтрансойл» АҚ логистика департаментінің жетекші маманы, менеджері. 2006-2007 жылдары «Қазтрансойл» АҚ перспективалық даму департаментінің бас менеджері. 2007-2009 жылдары «Қазтрансойл» АҚ перспективалық даму департаментінің директоры. 2009-2011 жылдары Астана қаласындағы «Қазмұнайтеңіз» АҚ логистика және инфрақұрылым департаментінің бас менеджері, бас инженері. 2011-2012 жылдары Орал қаласындағы «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, төрағасы. 2012 жылы — облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары.

Есте болса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 28 қарашада Ақордада өңірлерді дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізіп, оған барлық деңгейдегі әкімдер, Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдараның өкілдері және бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан еді. Осы алқалы жиында Солтүстік Қазақстан облысында ауыз су бағдарламасы аясында салынып, әлі күнге дейін жұмыс істемей тұрған 14 нысан туралы мәліметтерді жасырғаны үшін аталған өңірдің әкімі Серік Біләлов Елбасының сөгісін арқалап қайтқан болатын. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер ауқымында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов облыстың мемлекеттік мекемелерінің басшыларымен және аудандар әкімдерімен кеңес өткізді, оның барысында аймақта мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысының өзекті мәселелері қаралды және негізгі бағыттар бойынша рейтингілік бағалау қорытындылары шығарылды. Лауазымдық міндеттерін тиісінше атқармаған облыс әкімінің орынбасары А.Чженге сөгіс жарияланды. Қызылжар, Шал ақын, Айыртау және Жамбыл аудандарының әкімдері, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары М.Гаджиев қызметтерінен босатылды. Бірқатар аудандар әкімдеріне және мекемелердің басшыларына ескерту жасалды.