Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
Апта ішінде ауыз толтырып айтарлықтай кадрлық ауыс-түйіс орын ала қойған жоқ. Дегенмен қаржы саласында істейтін екі компанияда басшылық ауысып, Білім және ғылым министрінің бұйрығымен екі жоғары оқу орнының ректорлары тағайындалды. |
ҚазАқпарат осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды.
Атап айтқанда, UBS компаниясының қаржылық тобы Қазақстандағы өз бөлімшелерінде екі тағайындаудың орын алғандығын жария етті. Сонымен Арман Арғынғазин UBS окмандасына атқарушы директор ретінде қосылып, Алматыда орналасқан инвестициялық-банкілік бөлімшенің басшысы болып қызметке кірісті. 1978 жылы дүниеге келген А.Арғынғазин «Тау-Кен Самұрық» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры. 2000 жылы АҚШ-тағы Бостон университетін бітірген. 2002-2010 жылдары ABN AMRO академиясында білімін шыңдаған. Еңбек жолын Қазақстанның «Халық Жинақ банкінде» сарапшы ретінде бастаған. Ұзақ жылдар бойы «HSBC Kazakhstan» банкінде қаржы офицері болып істеді. 2004-2006 жылдары ABN AMRO Bank Kazakhstan банкінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған. 2006 жылдан RBS Bank Kazakhstan банкі басқармасы төрағасының орынбасары болды. 10 жылдан астам уақыт тау-кен секторындағы компанияларда жұмыс істеу тәжірібиесі бар ол, Лондон қор биржасына ENRC PLС акцияларын бастапқы орналастыру процедураларына қатысқан.
Нұрлан Жақыпов UBS компаниясының Қазақстандағы атқарушы директоры болып тағайындалды. Бұған дейін ол Royal Bank of Scotland банкінің Қазақстандағы филиалының директоры болды.
Ал Әнуар Сәйденов, Игорь Мажинов және Нұргүл Ертаева «Bank RBK» АҚ Директорлар кеңесінің құрамына енді.
Ә.Сәйденов - қаржыгер, банкир. Экономист мамандығы бойынша білім алған оның экономика және қаржы бойынша ғылым магистрі дәрежесі бар. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Экономика ғылымының кандидаты. Ұстаздықпен және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан.
И.Мажинов 1972 жылы дүниеге келген. Экономика ғылымының кандидаты. «Шапағат», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Курган жоғары әскери-саяси авиациялық училищесін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін бітірген. Әр жылдары «Vertex», ААҚ-да,«Альянс Банк» АҚ-да, «Достық» қонақ үйі» АҚ-да лауазымды қызметтер атқарды.
Сонымен қатар осы аптада Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Әлібек Қуандықов Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетi» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының, ал Сағынтай Зекенұлы Елубаев Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ректоры болып тағайындалды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін