«ҚазАқпарат» осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды.
***
Қазақстан Президенті өзінің Жарлығымен Ақмола облысының судьялық корпусында бірқатар өзгерістер жасады. Мәселен, Астрахан аудандық сотының төрағасы қызметіне Оралған Тұрсынұлы Тұрсынов, Ерейментау аудандық сотының төрағалығына Абай Ғалымұлы Көкжалов тағайындалды. Ақмола облысының судьясы қызметіне Нұрлан Қаскенұлы Құманғалиев бекітілді. Осыған орай ол Бурабай ауданының мамандандырылған әкімшілік соты төрағалығынан босатылды. Ал Аршалы аудандық сотының судьясы болып Медет Амантайұлы Бимендин тағайындалды. Бұдан бөлек, Көкшетау қалалық сотының судьясы қызметіне Гаухар Әлиханқызы Нұрманова бекітілді.
Атап айтқанда, отставкаға кетуіне байланысты Целиноград аудандық сотының судьясы Тұрсын Әлімбаев, өз өтініші бойынша Бурабай аудандық сотының судьясы Татьяна Константиновна Карпычева, өз өтініші бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Шынар Амантайқызы Ахметжанова қызметтерінен босатылды.
***
Осы аптада Николай Бордюжа ҰҚШҰ-ның бас хатшысы болып қайта тағайындалды. Сондай-ақ бүгін ҰҚШҰ-ның Бірлескен штабының бастығы қызметіне генерал-лейтенант Александр Студеникин тағайындалғаны атап өтілді. А.Студеникин үш жылдық мерзімге тағайындалды. Бұған дейін ол РФ ҚМ Құрлықтағы әскерінің құрамында болды. Айта кетейік, Қазақстан бұл ұйымның мүшесі болып табылады.
***
Өтіп бара жатқан бұл аптада «Хабар» агенттігі» АҚ «Kazakh TV» телеарнасының директоры қызметіне Аниса Бердина тағайындалғаны белгілі болды. Ол «Хабар» агенттігі» АҚ-да 2010 жылдан бері қызмет етуде. А. Бердина ағылшын, француз тілдерін еркін меңгерген. Айта кетейік, «Kazakh TV» 2012 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Caspionet» телеарнасының орнына хабар таратуда. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілінде әдемнің 93 елінде таралған. Телеарнаның әлеуетті аудиториясы 253 млн. үй-жайды құрайды.
***
Талғат Байтазиев «Batumi Industrial Holdings Ltd.» компаниясының жаңа бас директоры болып тағайындалды. 2012 жылға дейін Т.Байтазиев «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС-нің бас директоры лауазымын атқарып, одан өз еркімен қызметтен кеткен.
«Batumi Industrial Holdings Ltd» «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 100 пайыздық еншілес кәсіпорны болып табылады. «Batumi Industrial Holdings Ltd» құрылымына Батуми мұнай терминалы мен Батуми теңіз порты кіреді.
***
Осы аптада Қазақстан футбол федерациясының төрешілер корпусын итальяндық арбитр Маттео Трефолони басқаратыны белгілі болды. 19 желтоқсанда Қазақстан футбол федерациясының басшылығы төрелік және инспекциялау департаментінің жаңа басшысы Маттео Трефолониді таныстырды. Маттео Трефолони 41 жаста, итальян тілінен өзге, ағылшын тілін де жақсы меңгерген. Төреші ретінде 300-ге жуық матчты жоғары деңгейде өткізді. Маттео Трефолони ФИФА-ның халықаралық санаттағы төреші лицензиясын алған Италияның ең жас арбитрі болып табылады. Трефолони 7 жыл бойы ФИФА төрешісі болды.