Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 474.62
  • 517.19
+31 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы апта ішінде Ішкі істер министрлігінде бірқатар кадрлық өзгерістер орын алып, жаңа министрдің орынбасары, сондай-ақ ведомствоның бірқатар департаментінде жаңа басшылар қызметке кірісті.

  • 29 Желтоқсан 2012
  • 779
Фото - Caravan.kz

Сонымен қатар Шымкент түбінде АН-72 ұшағында қазаға ұшыраған ҚР ҰҚК Шекара қызметі директоры Тұрғанбек Стамбековтің орнына уақытша міндетін атқарушы болып Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары және осы ведомствоға қарасты 5 жасақтың жаңа басшылары қызметке кірісті. «ҚазАқпарат» осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды.

Мемлекет басшысының Өкімімен Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Е.Тұрғымбаев 1962 жылы 14 тамызда Алматы қаласында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Заң ғылымының кандидаты. «Билік немесе қызмет өкілеттілігінің шегінен шыққаны үшін қылмыстық жауапкершілік» монографиясының, сондай-ақ 14 мақаланың авторы. 1984 жылдан бері ішкі істер саласында жемісті еңбек етіп, Алматы қаласының бірқатар аудандарында ішкі істер бөлімдерін басқарған. 2006 жылдың шілде айынан бері Алматы қаласының ішкі істер департаментінің бастығы болған. II дәрежелі «Даңқ», II дәрежелі «Айбын», III дәрежелі «Апександр Невский» (РФ) ордендерімен, 11 медальмен марапатталған. ҚР ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Сонымен қатар осы министрліктің басшылық құрамында да бірқатар кадрлық өзгертулер болды. Атап айтқанда, Жедел жоспарлау департаментінің басшысы қызметіне полиция полковнигі Қайрат Болатұлы Мұхитов, Штаб-департаменттің басшысы қызметіне полиция полковнигі Жанатбек Ақылбекұлы Ешімов, Өзіндік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары қызметіне подполковник Шынтас Жалғасұлы Манкешов, Заң департаментінің басшысы қызметіне полиция полковнигі Сергей Васильевич Пономарев, Штаб-департаменті басшысының орынбасары қызметіне полиция полковнигі Мұхтар Әнуарұлы Әбдішев, Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары қызметіне полиция генерал-майоры Серімжан Төлеуұлы Досымов, Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары қызметіне полиция генерал-майоры Серік Қойсарыұлы Сүйінбаев, Батыс Қазақстан облысы ІІД басшысының орынбасары қызметіне полиция полковнигі Берік Мұхамбетқалиұлы Өтеулин тағайындалды.

Ал Е.Тұрғымбаевқа жылы орнын берген Қайрат Тыныбеков Астана қалалық ІІД бастығының қызметіне кірісті. Қайрат Сағатханұлы Тыныбеков 1959 жылы 20 желтоқсанда Алматы облысының Нарынқол ауданында дүниеге келген. В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, КСРО ІІМ Харьков жоғары курстарын, ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, ҚР ІІМ академиясын бітірген. Ұзақ жылдары бойы ішкі істер саласында жұмыс істеп келе жатқан ол, ҚР ІІМ Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің, Көліктегі Батыс ІІДнің бастығы, ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. «Ерлігі үшін», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», 3 дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «ҚР ІІМ Еңбек сіңірген қызметкері», «Адал еңбегі үшін» төс белгілерімен марапатталған.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының уақытша міндетін атқарушы болып Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары, штаб басшысы Абай Брекешев тағайындалды.

Ал Бауыржан Кудияров Өскемен қаласы құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл қызметке тағайындалмас бұрын ол «Өскемен қаласының бір жолғы талондарды беру орталығы» КММ директоры болды. Б.Кудияров 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын тәмамдады. Өзінің еңбек жолын кеден қызметінде бастаған.

Сонымен қатар осы аптада қазақстандық спорт менеджері Әнуар Биданов Әйелдер футбол бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан жастар құрама командасының менеджері болды, сондай-ақ «Жетісу» ФК жаттықтырушылар штабына кірді. Ә. Биданов 1982 жылы дүниеге келген. Әр жылдарда Қазақстан Волейбол федерациясында түрлі қызметтерді атқарды, сондай-ақ футболдан Қазақстан жастар құрама командасының менеджері болды.

Осы аптада жаңадан құрылған «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының тұсаукесері өтті. Салтанатты шара барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Клубтың президентін таныстырды. Бұл лауазымға 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев тағайындалды. Бақтияр Артаев 1983 жылы туған. Құқықтану, менеджмент, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандықтары бойынша М.Қ.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, Қазақ спорт және туризм академиясын тамамдаған. Еңбек жолын «Тараз газ шаруашылығы басқармасы» ЖШС-ның менеджері болып бастаған. ҚР ІІМ ішкі әскері спорт командасының аға нұсқаушысы, маман, бөлім бастығының орынбасары, «Тараз газ шаруашылығы басқармасы» ЖШС-ның инженері, Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Айша Бибі ауылдық округінің әкімі болып қызмет істеген. 2009 жылдан бері Жамбыл облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарып келген. Ал 2011 жылдың қаңтарында Б.Артаев Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жамбыл обылысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары қызметіне тағайындалды.