Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
![]() |
Осы апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті органдарында айтарлықтай кадрлық ауыс-түйіс орын ала қойған жоқ. Дегенмен Елбасы Жарлығымен Қазақстанның АҚШ-тағы жаңа елшісі өз қызметіне кірісіп, Павлодар мен Қызылорда облыстарында басқарма басшылары тағайындалып, Қарағанды қаласы әкімінің жаңа орынбасары жұмысына кірісті. «ҚазАқпарат» осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды. |
Сонымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қайрат Ермекұлы Омаров Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.
1963 жылы дүниеге келген ол Алматы шет ел тілдері педагогикалық институтын бітірген, саясаттану ғылымының кандидаты. 1992 жылдан бері Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп келеді. Осы аралықта ол ҚР СІМ-нің Еуропа және Америка бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, ҚР СІМ-нің басқарма бастығы, Еуропа департаменті директорының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы, ҚР-ның Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметімен Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы қызметтерін атқарған. Жаңа тағайындауға дейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болған.
Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып 49 жастағы Алмас Сүлейменов тағайындалды. Бұл тағайындауға дейін ол Шахтинск қаласындағы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды.
А.Сүлейменовтің үш жоғары білімі бар - құрылыс, құқықтану, мемлекеттік және жергілікті басқару салаларында. Мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері жұмыс істеуде. Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінде жұмыс істеді, Қарағанды қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік сатып алулар, материалдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету бөлімін басқарды.
Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның өкімімен тілдерді дамыту басқармасының бастығы қызметіне Қабжан Шорманұлы Еділбай кірісті. Қ.Еділбай 1962 жылы туған. 1984 жылы Житомир педагогикалық институтын ұлттық мектептегі орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығымен бітірген және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын әлеуметтік білімдер магистрі- саясаттану мамандығы бойынша тәмамдады.
1984-2004 жылдары - облыс мектептерінде, Павлодар педагогикалық иститутында мұғалім болды. 2004 жылдан мемлекеттік қызметте, ұлттық тілдерді дамыту бөлімінің бастығы. 2007 жылдан - тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары болды, оның арасында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірді.
Қызылорда облысы әкімінің өкімімен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жаңа бастық тағайындалды. Бұл лауазымды енді Сәуле Ибрагимова атқаратын болады.
С.Ибрагимова Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист-маркетолог мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1978 жылы облыстық статистика басқармасы есептеу орталығының операторы болып бастаған. 1997 жылдан бері облыстық экономика басқармасында қызмет етіп келеді. Содан бері қызмет сатысымен жетекші маман, бөлім меңгерушісі секілді қызметтерін атқарды. Ал 2008 жылдан бастап жаңа лауазым алғанға дейін басқарма бастығының орынбасары болды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін