Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 469.71
  • 536.17
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банк Төрағасы Григорий Марченконы алып, бұл қызметке Қайрат Келімбетовті тағайындау туралы шешім қабылдағаны жөнінде хабардар етті. Сондай-ақ республикада бірқатар министрлердің жаңа орынбасарлары тағайындалып, жергілікті органдардада кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және басқа да кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

  • 6 Қазан 2013
  • 481
Фото - Caravan.kz

Сонымен Ұлттық банк төрағалығына келген Қ.Келімбетов 1969 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқарудың ұлттық жоғары мектебін, АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Джорджтаун университетін бітірген. Еңбек қызметін Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде аспирант, ассистент ретінде бастаған. ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің аға сарапшысы ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігі департаментінің директоры, директордың орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі, ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы бірінші вице-министрі, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ Басқарма Төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы, ҚР Экономикалық даму және сауда министрі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. Бірқатар ғылыми мақалалардың авторы. Ағылшын және француз тілдерін меңгерген. «Құрмет» орденін иеленген, медальдармен марапатталған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Өкімдерімен ҚР Қорғаныс министрі мен Әділет министрінің орынбасарлары тағайындалды.

Атап айтқанда Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайым Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне келді. 1965 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген ол Қазақ мемлекеттік университетін, «Тұран» университетін бітірген. Заң ғылымының докторы, профессорғ ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі. ҚР Парламенті Сенатының аппарат басшысы, Ақмола технологикалық және бизнес унверситетінің ректоры, ҚР Жоғары соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетінің төрағасы, ҚР Президентінің ҚР Парламентіндегі Өкілдігінің басшысы, Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметтерін атқарған. 100-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 6 монографияның авторы. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.
Ал ҚР Әділет министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған Азимова Эльвира Әбілхасымқызы 1973 жылы Жамбыл қаласында дүниеге келген. Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Еңбек жолын ҚР Әділет министрлігінде бастап, әр жылдары Халықаралық құқықтық қамтамасыз ету басқармасының жетекші, бас кеңесшісі, Заңнама, халықаралық құқық және хаттама департаменттері басқармалары басшысының орынбасары, басшысы, Заңға тәуелді актілер және халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, келісім-шарттар және талап-арыз жұмыстары департаменттерінің директоры, Халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры қызметтерін атөарған ҚР Құрмет грамотасымен мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Сонымен қатар осы аптада ҚР Үкіметінің қаулысымен Әбсаттаров Қайрат Бектайұлы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды. Қайрат Әбсаттаров — 1966 жылы дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институты , «Автомобильдер және автомобильдік шаруашылық». Жезқазған университеті, «Экономика және өндірісті басқару» мамандығы. Мәскеу бизнес-мектебінде «Іскер әкімшіліктендіру магистрі» бағдарламасы бойынша білім алуда.Автокөлік саласындағы өндірістік кәсіпорындарында, Жезқазған облысы әкімінің аппаратында жұмыс істеген. 1998 — 2003 жылдары Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінде, ҚР Президент Әкімшілігінде түрлі лауазымдарды атқарды. 2003 -2006 жылдары ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде басшылық қызметтерде жұмыс істеді. 2006 жылғы қарашада «Қазақтелеком» АҚ Бас әкімшілік директоры қызметін атқарды. 2010 -2012 жылдары Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды. 2012 жылғы 1 ақпаннан 2013 жылғы 20 наурызға дейін Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі лауазымында қызмет етті.

2013 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.


Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өкімімен облыстық құрылыс басқармасына басшы болып Сержан Нәметша тағайындалды. Сержан Қасқырұлы Нәметша 1952 жылы 10 қазанда Қызылорда облысы Қармақшы ауданында туған. Жоғары білімді. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірген. Мамандығы — өндірістік-азаматтық құрылыс инженері. Еңбек жолын 1970 жылы Жосалы кентіндегі астық қабылдау пунктінде жұмысшы болып бастаған. Соңғы жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының бастығы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы, облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бастығы, облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен табиғи апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы болған. Аталған лауазымдардың барлығын дерлік екі қайтара атқарып шыққан. 2013 жылдың ақпан айынан жаңа тағайындауға дейін облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып келген.

Ал Қызылорда қаласында да кадрлық өзгерістер орын алды. Атап айтқанда қала басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың өкімімен Қайрулаев Айдын Бөкенбайұлы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Ол бұл қызметке дейін қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 1981 жылы туған. 1998-2002 жылдары аралығында Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің «Журналист» мамандығын, 2008 жылы осы білім ордасының «Заңгер» мамандығын бітірген. 2012-2013 жылдар аралығында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Мәмен Балдырған Нұртуғанқызы қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Ол бұл қызметке дейін қала әкімі аппаратының бас инспекторы — қала әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. 1986 жылы туған. 2007 жылы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетін «Тарих және география пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Қала әкімінің келесі өкімімен Аралбаев Мейрамбек Әбжаппарұлы қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстары бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Ол бұл қызметке дейін Қызылорда облысы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» реттеу зал басшысы қызметін атқарған.1980 жылы туған. 2002 жылы Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Орал қаласы әкімдігінде де кадрлық өзгерістер болды. Атап айтқанда қала әкімінің өкімімен Еркебұлан Иқсанов Орал қаласы қаржы бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Қазталов ауданында 1982 жылы дүниеге келген оның білімі жоғары. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Түрлі салада қызмет атқарған ол кейінгі жылдары БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бас маман, бөлім басшысы болды.

Сондай-ақ қала әкімінің өкімімен Асланбек Сарқұлов ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы қызметіне кірісті. 1984 жылы Шыңғырлау ауданында өмірге келген ол М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалында кеңесші, бөлім меңгерушісі, 2012 жылдан Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Өткен жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

Сонымен қатар Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметовтың өкімімен және аудандық мәслихат депуттарының келісімімен Малғаждар Таткеев Зеренді ауданының әкімі болып тағайындалды. Жаңа қызмет орнына тағайындалғанға дейін ол Ақмола облысы жер қатынастары басқармасының басшысы болып істеген.