Л.Қиыновтың айтуынша, «қазір құбырдың Әзербайжанға қарасты бөлігін ғана мұнаймен толтыру туралы сөз болуда, ал құбырдың өзі әлі салынып жатыр».
«Бұл жүйе Баку-Тбилиси-Жейхан деп аталады. Қазақстан бұл жобаға біріккен жоқ. Қазақстанның Ақтау-Баку деген өз жобасы бар. Демек қазіргі жағдаймен екі жүйе бар. Ал Әзербайжан мен Қазақстан арасында қазір аталмыш екі жүйенің жұмыс істеу принциптеріне қатысты келісім туралы сөз болуда»,- деді ол.
«Ал кім қанша мұнай тасиды және ол үшін қанша ақша төлейді деген мәселелер бұл іспен айналысатын компаниялармен арадағы келісім-шарттарында айтылады»,- деді ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары.
Ақтау-Баку мұнай құбырын тарту туралы сауалға Л.Қиынов әзірге бұл жобаға жұмсалатын инвестиция көлемі есептелген жоқ деп жауап берді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға ресми сапары аясында 25-мамырда Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдау жөніндегі Әзербайжан-Қазақстан үкіметаралық келісімге қол қойылған жоқ.
Ал 22-мамырда Бакуде өткен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Әзербайжан — Қазақстан үкіметаралық комиссиясының отырысы барысында ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник «Қазақстанды Ақтау-Баку деп аталатын дербес кіші жүйесі бар біртұтас жүйе ретінде аталмыш транспорттық дәлізге біріктірудің техникалық шарттары іс жүзінде келісілді» деп мәлімдеген. Ал Әзербайжан вице-премьері Аббас Аббасов «Бұл құжат түбегейлі дайындалып, алдын-ала келісілді»,- деп мәлімдеген.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP — 30,1%, ГНКАР — 25%, Unocal — 8,90%, Statoil — 8,71%, TPAO — 6,53%, ENI — 5%, Itochu — 3,40%, ConocoPhillips — 2,50%, INPEX — 2,5%, TotalFinaElf — 5% және Amerada Hess — 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды.