Келіссөздердің басты мақсаты — Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдау жөніндегі Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісімнің жобасын әзірлеу болып табылады. Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісімнің жобасы «ҚазақМұнайГаз ҰК» ЖАҚ-ның басқарушы директоры Қайыргелді Қабылдин мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиев басқаратын жұмыс топтарының сарапшылары деңгейінде келісілгеннен кейін бұл құжат екі ел үкіметтерінің қарауына беріледі. Бұл келісімге Ақтау-Баку жүйесінің инвесторлары мен екі ел үкіметтері қол қойғаннан кейін өзара транзиттік келісімдерге қол қойылады.
Мемлекеттік мұнай компаниясы басшысының атап көрсетуінше, үкіметаралық келісімнің жобасы қазір дайын, оған жуық арада қол қойылуы мүмкін. «Біз мелмекет басшысының алдында есеп беруге тиіспіз, сөйтіп, бұл құжатқа тиісті мерзімде қол қойылады»,- деді Н.Әлиев.
Жоғарыда аталған үкіметаралық келісімді Қазақстан парламентінде бекіту мәселесін реттеуге тоқталған Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президентінің айтуынша, бұл мәселе әзірге шешілген жоқ, және ол жайттан Әзербайжан басшылығы хабардар. «Бірақ мен бұл тұрғыда екі жақта проблема болады деп ойламаймын. Ең бастысы, Қазақстан үкіметаралық келісім жобасы бойынша жүктеп алған міндеттемелерін орындау жөнінде үкімет атынан кепілдеме беруге тиіс. Ал құжатты парламентте бекіту ішкі мелмекеттік процедуралар аясына қамтылады»,- деді Н.Әлиев.
Мемлекеттік мұнай компаниясы басшысының пікірінше, «ең бастысы, осы тектес келісім құжаттарын ел ішінде бекіту процедуралары халықаралық талапқа сай келсе болғаны, сонымен бірге, ең бастысы, бұл инвесторлардың көңілінен шықса болғаны». «Ал Қазақстанда жұмыс істеп жатқан инвесторларға келсек, оларды осы елде күні бүгінге дейін болған ішкі процедуралар оларды қанағаттандырып келгені белгілі. Шетелдік компаниялардың Қазақстандағы мұнайгаз және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға белсене атсалысып келгеніне қарап осындай тұжырым жасауға болады. Ал Әзербайжандағы инвесторларға келсек, республика үкіметі парламентте бекіте отырып мейлінше жоғары кепілдеме береді. Бұл жерде белгілі дәрежеде түсініспеушілік бар. Менің пайымдауымша, егер біз Қазақстанда қазіргі бар ішкі процедураларды жеткілікті әрі қажетті деп қабылдасақ, ондай жағдайда бұл мәселе принциптік маңызға ие болмайды»,- деді Н.Әлиев.
Мемлекеттік мұнай компаниясының басшысы Қазақстан жағының Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына бірігу үшін шарт қою мүмкіндігін жоққа шығарды. «Қазақстан мұнай құбыры желісіне бірігіп жатқандықтан, қандайбір шарт қоя алмайды. Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына қатысты барлық алғышарттар мен шарттар Әзербайжан, Грузия және Түркия үкіметтері арасындағы келісім бойынша дәйектеліп бекітілгендіктен, мұнай құбырына біріккісі келетін кез-келген басқа ел жоғарыдағы шарттарды бір жақты қабылдауы тиіс. Менің ойымша, Қазақстан оларды қабылдады»,- деді Н.Әлиев.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ақтау-Баку жүйесін қалыптастыру үшін Ақтаудан оңтүстік -шығысқа қарай 76 шақырымда орналасқан Құрық айлағында мұнай сақтау және тасымалдауға арналған жаңа терминал салу, сондай-ақ, жалғастырғыш құбырлар тарту көзделген.
Жүйенің мұнай тасымалдау қуаты жылына 20 млн. тоннаны құрайды, алайда алғашқы кезеңде 7,54 мың тоннаға дейін мұнай тасымалданады деп күтілуде. Инвестиция көлемі үкіметаралық келісімге қол қойылғаннан кейін анықталады. Жаңа жүйе Қашаған кенішінен алғашқы мұнай тасымалдана бастайтын мерзімге дейін саланып бітеді.
Ақтау-Баку жүйесін басқару үшін жеке компания құрылады. Компанияның негізгі инвесторы міндетін Қазақстандағы Қашаған кенішін игеруге қатысушы, ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясында 15 проценттік үлес иемденетін Eni, TotalFinaElf, ConocoPhilips және Inpex тәрізді шетелдік 4 компания атқаратын болады.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP — 30,1%, ГНКАР — 25%, Unocal — 8,90%, Statoil — 8,71%, TPAO — 6,53%, ENI — 5%, Itochu — 3,40%, ConocoPhillips — 2,50%, INPEX — 2,5%, TotalFinaElf — 5% және Amerada Hess — 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары тікелей 2003-жылдың сәуір айында басталып, 2004-жылдың 4-тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Мұнай құбырының Әзербайжандық бөлігі 2004-жылдың қыркүйек айына дейін, Грузиялық бөлігі 2004-жылдың қазан айына дейін, Түркиялық бөлігі 2004-жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс. Түркиядағы Жейхан айлағынан Әзербайжан мұнайы 2005-жылдың екінші тоқсанынан бастап экспорттала бастайды.