Жарияланды: 440

Қазақстанды "Баку-Тбилиси-Жейхан" жобасына біріктіру мәселесіне арналған келіссөздердің кезекті сатысы мамыр айының соңында өтеді

Қазақстанды "Баку-Тбилиси-Жейхан" мұнай құбыры жобасына біріктіру мәселесіне арналған келіссөздердің кезекті сатысы осы айдың соңында өтеді. KZ-today тілшісі Бакуден хабарлағанындай, бұл туралы Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиев хабарлады.

Келіссөздердің басты мақсаты - Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан экспорттық мұнай құбырымен тасымалдау туралы Әзербайжан-Қазақстан үкіметаралық келісімінің жобасын дайындау болмақ. "ҚазМұнайГаз" ҰК" ЖАҚ-ның басқарушы директоры Қайыргелді Қабылдин мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиев басқарған жұмыс топтары деңгейінде аталмыш келісімнің жобасы келісілгеннен кейін құжат екі ел үкіметтерінің қарауына беріледі. Ал Ақтау-Баку жүйесінің инвесторлары мен Әзербайжан және Қазақстан үкіметтері бұл келісімге қол қойғаннан кейін транзиттік келісімдерге қол қойылады. Мемлекеттік мұнай компаниясы президентінің хабарлауынша, заңгерлер үкіметаралық келісімнің жобасын жасап бітірген. Оның айтуынша, мамыр айының аяғында екі ел өкілдерінің жоғары деңгейлі кездесуі өтіп, онда құжатты екі ел үкіметтерінің қарауына беру үшін заңгерлер келіскен немесе келісе алмаған барлық мәселелер бойынша ақырғы шешім қабылданады. "Келісімге дәл қашан қол қойылатынын мен дөп басып айта алмаймын, біздің міндет - үкіметаралық келісімнің жобасын толық көлемде дайындап, үкіметтердің қарауына беру",- деді Н.Әлиев. Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы президентінің айтуынша, әзірге аталмыш келісімді Қазақстан парламентінде бекіту мәселесі даулы күйінде қалып отыр. "Екі елдің осындай құжаттарды заңдастыру процедуралары мен заңнамалары әртүрлі. Қазақстанда мұндай тәжірибе жолға қойылмаған",- деді Н.Әлиев. Оның айтуынша, қазақстандықтардың уәжіне жүгінсек, бұл құжатты республика парламентінің бекітуіне келісім беру қолайсыз жағдай туғызып, басқа компаниялар да осындай құжаттарды парламенттің бекітуін талап ете бастауы мүмкін. "Ал Әзербайжанда мұндай процедура ешбір ың-шыңсыз өтіп, келісімде көрсетілген барлық тәртіптер бойынша заңнамалық тұрғыда кепілдік беретіндіктен инвесторлардың сенімін нығайта түседі",- деді Н.Әлиев. "Келісімді парламентте бекітпеу инвесторлар мен жүк жіберушілер құқығына қалай әсер етеді дегенді біздің заңгерлер дәйектейтін болады. Әзірге бұл мәселе өткір күйінде қалып отыр. Сол себепті оны біз кейінге қалдырып отырмыз. Біздің пайымдауымызша шешімін таппады деп танылған кейбір мәселелерді жоғары дәрежелі кездесуде республика президенттері талқылайтын шығар",- деді Н.Әлиев. Бұдан бұрын да хабарлағынымыздай, Ақтау-Баку жүйесін қалыптастыру үшін Ақтаудан оңтүстік -шығысқа қарай 76 шақырымда орналасқан Құрық айлағында мұнай сақтау және тасымалдауға арналған жаңа терминал салу, сондай-ақ, жалғастырғыш құбырлар тарту көзделген. Жүйенің мұнай тасымалдау қуаты жылына 20 млн. тоннаны құрайды, алайда алғашқы кезеңде 7,54 мың тоннаға дейін мұнай тасымалданады деп күтілуде. Инвестиция көлемі үкіметаралық келісімге қол қойылғаннан кейін анықталады. Жаңа жүйе Қашаған кенішінен алғашқы мұнай тасымалдана бастайтын 2006-жылдың соңына қарай саланып бітеді. Ақтау-Баку жүйесін басқару үшін жеке компания құрылады. Компанияның негізгі инвесторы міндетін Қазақстандағы Қашаған кенішін игеруге қатысушы, ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясында 15 проценттік үлес иемденетін Eni, TotalFinaElf, ConocoPhilips және Inpex тәрізді шетелдік 4 компания атқаратын болады. Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil - 8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%. Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары тікелей 2003-жылдың сәуір айында басталып, 2004-жылдың 4-тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Мұнай құбырының Әзербайжандық бөлігі 2004-жылдың қыркүйек айына дейін, Грузиялық бөлігі 2004-жылдың қазан айына дейін, Түркиялық бөлігі 2004-жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс. Түркиядағы Жейхан айлағынан Әзербайжан мұнайы 2005-жылдың екінші тоқсанынан бастап экспорттала бастайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін