Жұмыс топтарының кездесуі бұған дейін маусым айының соңына межеленген болатын. Кейіннен бұл мерзім шілденің алғашқы онкүндігіне шегерілгенімен ол тағы да жүзеге аспады. Тараптардың мәлімдеуінше, кездесу мерзімінің шегерілуі тек техникалық себептерге байланысты. А.Шоқпытовтың айтуынша, келіссөздер мерзімін бұл жолы Әзербайжан жағы ұсынғандықтан мәміле жүзеге асуы тиіс.
Әзірше келіссөздер Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы мен еліміздің «ҚазақМұнайГаз» Ұлттық компаниялары деңгейінде жүргізілуде, бірақ, тиісті құжаттар дайындалғаннан кейін талқылаулар үкіметаралық деңгейге көтеріледі.
«ҚазақМұнайГаз ҰК» ЖАҚ-ның басқарушы директоры Қайыргелді Қабылдиннің айтуынша, Әзербайжан мен Қазақстан арасында үкіметаралық келісімге қол қойылғаннан кейін келешекте Ақтау-Баку бағытындағы тасымал жүйесін басқаратын Транскаспийлік компаниямен екі арадағы коммерциялық келісімге қол қойылады.
Жаңа құрылған компанияға Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры компаниясына ( ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan)) біріккен Қазақстандағы төрт шетелдік компания қамтылады. Олардың ВТС-тағы үлесі 15 процент, басқаша айтқанда бұл тәулігіне 150 мың баррель мұнайды құрайды. Егер жоба тиімді болып жатса, оған басқа компаниялар да бірігуі мүмкін.