Қазақстандық баспа Мәскеуде өткен халықаралық кітап жәрмеңкесінде төрт бірдей дипломға ие болды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандық баспа Мәскеуде өткен халықаралық кітап жәрмеңкесінде төрт бірдей дипломға ие болды

Қазақстандық баспа Мәскеуде өткен халықаралық кітап жәрмеңкесінде төрт бірдей дипломға ие болды

Қазақстандық баспа ТМД елдерінің кітап баспаларымен өткізілетін «Кітап өнері» шығармашылық конкурсында төрт дипломға ие болды.

  • 15 Қыркүйек 2015
  • 376
Фото - Caravan.kz

Мәскеу қаласында 2-6 қыркүйек аралығында өткен 28-ші халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің аясында астаналық «Фолиант» баспасының өкілдері марапатталды.

Мәскеу халықаралық кітап жәрмеңкесі — дүниежүзілік жетекші баспалардың назарын аударатын, кітап баспагерлерінің айтулы іс-шараларының бірі.

«Фолиант» ЖШС баспасының бас директоры Нұрлан Исабеков кітап жәрмеңкесі туралы пікірін былай жеткізді: «Бұл конкурсқа жүйелі түрде қатысып  тұрамыз. Марапаттаулар бұрын да болған, бірақ бірден төрт диплом алуымыз бірінші рет. Біз кітап баспагерлерінің халықаралық қауымдастығы қазақстандық авторларды дәріптеудегі еңбегімізді осылайша жоғары бағалағанына алғыс білдіреміз. Осы жетістіктерімізге айтарлықтай үлес қосқан авторларымыздың да еңбегі орасан зор. Біздің авторлар — өз елдерінің нағыз отан сүйгіш азаматтары. Біздің елде талантты авторлар саны арта берсін. Олармен алдағы уақыттарда да ынтымақтастықта боламыз деген ойдамын».

Мерзімдік  басылым, кітап шығару, кітап тарату және баспа ісі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық кеңестің    шешіміне сәйкес,  К.Сейтеновтің «Судебно-почерковедческая экспертиза рукописей, выполненных на казахском языке» атты кітабын басып шығарғаны үшін «Ғылым және инновациялар» номинациясы бойынша «Фолиант» баспасын ІІІ дәрежелі дипломмен марапаттады.

Сондай-ақ С.Игібаевтың «История Казахстана в источниках и материалах» кітабын дайындап шығарғаны үшін баспа «Оқу әдебиеті және білім беру» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ж.Сахиевтің «Астрономия» энциклопедиясын дайындап, алғаш рет қазақ тілінде басып шығарғаны үшін «Фолиант» баспасының өкілдеріне арнайы диплом табысталды.


 «Одақта басылып шыққан» номинациясы бойынша І дәрежелі диплом да С.Ходжиковтың «Құлахмет Ходжиков — қазақ театры және киносының бірінші суретшісі» атты үш тілдегі альбом-кітабын дайындап шыққан қазақстандық баспаға бұйырды.

«Қазіргі таңда адамдар, әсіресе жастар қауымы кітап оқымайды дегенді жиі естіп жүрміз. Алайда кітапты «ақыл-ойдың қазынасы» деп бекерге айтпаса керек, сол себепті де біздің ұжым қоғамның оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Біз көпшілік оқырманның назарына әр түрлі бағыттағы кітаптар ұсынамыз.

«Кез келген технологиялық төңкерістерге қарамастан, кітап — адамзаттың өмірінде маңызды орынға ие болып қала бермек, ал марапаттаулар — осы саладағы әлемдік брендтерден асып түспесе, кем түспейтін  біздің өнімнің жоғары деңгейін дәлелдей түседі»,  — деген пікір айтты Нұрлан Исабеков.

Соңғы жаңалықтар