Қазақстандық ғалымдар күн батареясын өндіру жөніндегі барлық технологияларды біртұтас мақсатты бағдарламаға біріктірмек ниетте - kaz.caravan.kz
  • $ 510.59
  • 578.91
+28 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандық ғалымдар күн батареясын өндіру жөніндегі барлық технологияларды біртұтас мақсатты бағдарламаға біріктірмек ниетте

Қазақстандық ғалымдар күн батареясын өндіру жөніндегі барлық технологияларды біртұтас мақсатты бағдарламаға біріктірмек ниетте

Қазақстандық ғалымдар индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру шаралары аясында күн батареясын өндіру жөніндегі барлық ғылыми жаңалықтар мен технологияларды біртұтас мақсатты бағдарламаға біріктірмек ниетте. Ол республикада баламалы энергетика көзін құруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов бүгін, 24-маусымда "Қазақстан Республикасында күн энергетикасын дамытудың болашағы" тақырыбындағы конференцияда сөйлеген сөзінде атап көрсетті.

  • 24 Маусым 2004
  • 1254
Фото - Caravan.kz

Р.Алшановтың айтуынша, негізгі баламалы қуат түрі ретінде Қазақстанда күн энергетикасын дамытуға мүмкіндік толық. Тек бір ғана кварц шикізатының еліміздегі қоры 267 млн. тоннаны құрайды. Басқа да минералдардың, соның ішінде фотоэлементтер өндірісіне қажетті галлий, мышьяк, кадмий және германий сынды жер бетінде сирек кездесетін минералды шикізаттың өнеркәсіптік кеніштері мен көздері де бар. 20 жылдан бері осы негізде елімізде фототехнологиялар дамып келеді. Қазақстанда жасалған арсенид-галлийлі күн антенналары Кеңес Одағының ғарыштық жер серіктерінде қолданылып келген. Олардың пайдалы қызмет коэффиценті 24 процентті құрап, дүниежүзіндегі ең таңдаулыға саналды. Алайда, осындай озық жобалардың барлығы да әскери-өнеркәсіп кешенінде пайдаланылғандықтан, ғылымның басқа салалары үшін жабық күйінде қалды. Ал жариялы ғылыми жобалар өзара сабақтаспайтындықтан, оларды тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізу кедергіге ұшырады.

Дегенмен, күн энергетикасы дүниежүзінде баламалы энергетиканың ең перспективалы түрлерінің біріне саналады. 2003-жылы дүниежүзінде күн батареяларының көмегімен 561 МВт электр қуаты өндірілді. 2002-жылғымен салыстырғанда өсім 44 процентке тең. Даму қарқынына қарай бұл ақпараттық технологиялардың дамуымен деңгейлес келіп отыр. Күн энергетикасы Жапония, АҚШ, Израиль және Германияда айрықша дамыған.
Бас қосуға дайындалу барысында оны ұйымдастырушылар елімізде күн энергетикасының барлық негізгі салалары бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына, олардың әлемдік деңгейден бір де кем түспейтініне көз жеткізді. Тұтастай алғанда, жартылай өткізгіштер жасау және тазарту, фотоэлементтер мен аккумуляторлар өндіру, күн станцияларын салу, тұзды суды тұщыту, күн қуатын тұрғын үйде пайдалануға қатысты 300-ге жуық ғылыми жобалар жинақталды. Бұл ретте жұмыстарды одан әрі жалғастыруға қаржы мен жабдық тапшылығы басты кедергі күйінде қалып отыр.
Р.Алшановтың айтуынша, бұл тауқыметті шешу үшін барлық жобаларды бір бағдарламаға біріктіру, ортақ стратегия жобасын жасау арқылы болашақта фотоэлементтер өндіру үшін технологиялық шикізат шығаруға бағытталған нақты кешенді жобамен еліміздің даму институттарына ұсыныспен шығу көзделіп отыр. Бағдарламаның бірінші кезеңінің құны 10 млн. долларға бағаланған. Алдағы уақытта ғалымдар фотоэлементтер өндірісін тікелей қолға алмақшы.