Жарияланды: 850

Қазақстандық ірі сайттардың өкілдері мәлімдеме жасады!

Қазақстандық ірі сайттардың өкілдері мәлімдеме жасады!

Қазақстанның интернет қауымдастығы Қазнет мүддесіне қарсы әрекет етті. Бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген бір топ қазақстандық ірі сайттардың өкілдері осындай мәлімдеме жасады.

Естеріңізге сала кетейік, 30 сәуір күні Қазақстан интернет қауымдастығы (ҚИҚ) мен Парламент депутаттарының қатысуымен Интернеттегі авторлық құқық мәселесіне қатысты «дөңгелек үстел» өткен болатын. Жиын барысында ҚИҚ президенті Шавкат Сабыров пираттық контент орналастырған сайттарға қарсы «Үш шерту» әдісін ұсынған еді. Онда заңға қайшы контент авторларына біріншіден - құлаққағыс, екінші - ескерту, үшіншіден - қылмыстық іс қозғау ұсынылған. Бүгінгі баспасөз мәслихатын өткізуші ірі сайттардың өкілдері осы ұсынысқа наразылық танытты. Олардың айтуынша ҚИҚ ұсынған «Үш шерту» әдісі Қазақстан мен Ресейдің интернет ресурстарына бірдей жағдай жасайды. Ал бұл өз кезегінде қазақстандық интернеттің аяқтан тұруы үшін жылдар бойы қаланған іргетасты шайқалтады. «Қазақстандық сайттар «дөңгелек үстелде» көтерілген қарақшылықпен күресті күшейту қажеттігін қолдайды, бірақ ҚИҚ ұсынған әдіс-тәсілдерді пайдалануға қарсы. ҚИҚ бастамасы- Қазнетті ойсырататын үш соққы»,- деді Namba.kz көңіл көтеру порталының өкілі Қамшыбек Қасымбеков. Оның айтуынша, соңғы жылдары «Қазақтелеком» ұлттық операторы саясатының арқасында интернет дамып келеді. Алайда «Үш шерту» қолданысқа енсе, бұл жағдай керісінше болуы мүмкін. «Гермозондар салынып, қазақстандық ресурстарға бастапқы көмек көрсетілді, көмекке зәру ресурстарға тегін хостинг берілді, «Мегалайн» жылдамдығы күшейтілді. Мемлекеттік тілдегі ресурстар дамып келеді. Алайда ресейлік ресурстармен қатты бәсеке туып отыр. Отандық сайттар қазақстандық тұтынушылар үшін жан-жақты күрес жүргізіп келді. Біздің мақсатымыз біреу - әрбір қазақстандықтың отандық ресурстарды пайдалануын, бағалы трафиктің ел ішінде қалуын қамтамасыз ету болатын. Әрине, Қазнеттің ресейлік ресурстарды жеңуіне үлкен күш керек. Қазақстанда жетекші орындарда mail.ru, google.com, google.ru, yandex.kz, facebook, youtube шет елдік немесе ресейлік ресурстар тұр. nur.kz, kaztorka.kz, yvision.kz сынды қазақстандық сайттар 14, 16, 17 орындарда. «Үш шерту» бұл жағдайды одан ары күрделендіреді»,- деді Қ.Қасымбеков. Yvision.kz сайтының өкілі Станислав Игнатовтың айтуынша, бұл әдіс қолданысқа енгізілсе қазақстандық интернет пайдаланушы заңсыз контентті іздеу барысында kz аймағынан тыс ресурстарға кетіп қалады, бұл ретте ресейлік ресурстар қазақстандық сайттарға қарағанда үлкен басымдылыққа ие болады. Қазнетті «біржақты тазарту» оның бәсекеге қабілеттілігін жояды, қазақстандық торренттер мен онлайн кинозалдар домен, хостингтерін ресейлік ресурстарға ауыстырып алады. Нәтижесінде интернеттегі қарақшылық күшейе түседі, торренттер рейтингтерден шығып кетеді, бұдан оларды мониторингтеу қиынға түседі»,- деді С.Игнатов. Баспасөз мәслихатына қатысушылар интернеттегі авторлық құқыққа қатысты заң актлеріне өзгертулер енгізуге 2013 жылдың орта шеніне дейін мараторий енгізуді, осы уақыт аралығында ТМД елдерінің интернет бірлестіктерімен және билік органдарымен бірлесе отырып ТМД деңгейінде авторлық құқықты сақтауды шешу, пираттық контент дайындаушы отандық тұтынушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Сондай -ақ болашақта бұл салаға қатысты заңдар сала қатысушыларының қатысуымен жүргізілуі тиістігін де атап өтті. «Біз бұл ұсыныстарды нарықты зерттей отырып жасап отырмыз. Қазақстандық интернет - біздің ғұмырлық ісіміз», -деді nur.kz, kiwi.kz6 yvision.kz, namba.kz сайтының өкілдері. Естеріңізге сала кетейік, ірі сайттардың өкілдері 30 мамыр күні ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттаттарына ашық хат жолдаған еді. Онда осы «Үш шерту» әдісіне қарсылық таныылған болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін