Қазақстандық өнер шеберлерінің АҚШ-тың әйгілі мәдени ордаларында концерті өтеді - kaz.caravan.kz
  • $ 504.6
  • 594.27
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
27 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандық өнер шеберлерінің АҚШ-тың әйгілі мәдени ордаларында концерті өтеді

Қазақстандық өнер шеберлерінің АҚШ-тың әйгілі мәдени ордаларында концерті өтеді

27 маусым-4 шілде аралығында Америка Құрама Штаттарында Қазақстан Республикасының мәдени күндері өткізілмек.

  • 27 Маусым 2014
  • 559
Фото - Caravan.kz

Мәдениет күндері аясында АҚШ-тың ең атақты залдары — Вашингтондағы Кеннеди орталығы және Нью-Йорктегі Карнеги-холлда Қазақстан Республикасының өнер шеберлерінің қатысуымен салтанатты концерт өтеді. Айта кетейік, Кеннеди орталығы залында әлемдік деңгейдегі опералар, балеттер және концерттер қойылады. Ал Карнеги-холл — классикалық музыка орындалатын әлемдегі ең атақты өнер ордаларының бірі.

Атап айтқанда, 30 маусымда сағат 19.00-де Нью-Йорктегі Карнеги-холл залында фотокөрме ұйымдастырылады. Ал сағат 20.00-де аталмыш залда, 3 шілде күні сағат 20.00-де АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы Кеннеди орталығының концерт залында Қазақстан өнер шеберлері  концерт қояды.

Мәдени шараға Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртістері Майра Мұхамедқызы, Жанат Бақтай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Жәмила Жарқымбаева, Айгүл Қосанова, Нұрлан Бекмұхамбетов, Нұркен Әшіров қатысады. Сондай-ақ республикалық және халқаралық конкурстардың лауреаттары Бейбіт Мұсаев, Еділ Құсайынов, Ардақ Итекеева, Әсел Рахымжан, Анар Қабдымананова, Айнагүл Әділова, Айзада Қапонова, Нұрия Кәрімбаева, Алуа Мақанова, Медет Шотабаев, Айдос Жабағин, Тайыр Тәжіғұлов та шараға өз үлестерін қоспақ. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Б.Байқадамов атындағы Қазақ мемлекеттік капелла хоры өнер көрсетеді.

Бағдарламада қазақ халқының және американдықтардың, сондай-ак Батыс Еуропаның таңдаулы әуендері шырқалмақ.


Қазақстан сонымен қоса ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұсынады. Ұлттық нақышта және экологиялық таза материалдардан дайындалған арт-инсталляция көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбын айшықтайды.

Айта кетейік, Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндерін өткізу бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістікті нығайтуға, екіжақты қарым-қатынастың дамуына септігін тигізері сөзсіз. Бұл шара американдықтардың қазақ мәдениетіне деген аса үлкен қызығушылығын оятып, екі ел арасындағы мәдени байланыстардың одан әрі дамуына серпін береді, деп хабарлайды «Қазақ әуендері» АҚ баспасөз қызметінен.

Перейти к новостям спорта