Қазақстандық опера әншісінің дауысы итальяндықтарды таң қалдырды. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсындағы Энриконың партиясынан үміткерлердің бірі болған. Байғожиннің әлемдік операның әйгілі әншілері өнер көрсететін «Arena di Verona» театрында бірден үш партияны орындау мүмкіндігіне қол жеткізуі аса зор қуаныш, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметінен.
Осылайша, әнші 2014 жылы «Дон Жуан» операсында Мазетто партиясын, ал 2015 жылы Дж. Россинидің «Севильдік шаштараз» операсындағы Фигароны және Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсындағы Энрико партияларын орындайды.
«Мен бақыттымын, өз елімді және оның атын лайықты қорғай алғанымды мақтан тұтамын. Қаншама опера әншісі «Arena di Verona» театрында ән шырқауды армандайды», — дейді Сүндет Байғожин.
Мұндай тыңдалымға әлемнің түкпір-түкпірінен келген опера әншілері қатысады, сол себепті басты партияны орындау мүмкіндігі екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екенін атап өткен жөн. С.Байғожин «Arena di Verona» театрында шырқайтын тұңғыш қазақстандық опера әншісі болып табылады, осының өзі Қазақстанның мәдени өмірінде елеулі оқиға екені сөзсіз.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Сүндет Байғожин Италияда өткен опера әншілерінің халықаралық конкурсына қатысып, өз номинациясы бойынша жекедара бірінші орынды иеленген және бұл жеңіс оған Дж.Пуччинидің «Богема» операсында басты партияны орындау құқығын берді.