Музыканттың бұл бастамасын WEproject.kz порталы жазды. Африкалық Абдул Керим Абдулы Фати Адешин қазақстандық қызға үйленген, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
33 жастағы африкалық Астанаға 2014 жылы Нигерияның Лагос қаласынан келген. Оны Астанаға осы қалада ағылшын тілін үйрететін немере ағасы шақырған. Абдул Карим алғаш келген кезде Астанада бір айдай мұғалім болып жұмыс істеген. Артынша музыка саласына баруды жөн көрген.
"Мен музыканы жақсы көремін және осы өмірімде орындаушылығымды шыңдаудан жалыққан емеспін. Африкада болған кезімде де музыкамен айналыстым, фильмдерге саундтрек жазған кездерім болды. Астанаға келген алғашқы кезде ағаммен бірге ағылшын тілінен сабақ бергем, артынша өзімнің сүйікті музыкама қайта оралдым. Бір-ақ ай ұстаздық еттім. Айлығы аз болды дей алмаймын, бірақ маған жетпеді. Көптеген ұстаздың ақша үшін жүрмегенін түсіндім. Бірақ барлығы да адамның өзіне байланысты: кей адамға 50 мың жеткілікті, ал кейбіреулерге 300 мың теңге де жетпей қалатын кездер болады" — дейді Абдул Карим.
Оның айтуына қарағанда, ұстаздықтан кеткен соң орысша, қазақша үйренуге бет бұрған. Әсіресе қазақ әндерінің сазы оны тәнті еткен. Алғаш үйренген қазақша әні — "Қара жорға". Одан кейін "Анашым" әнін үйренген. Аз уақыт өткен соң ол өзі топ құруды ойлайды. Және топтың атын "Black star KZ" деп атаған. Қазір Абдулдың сахнада айтылатын лақап есімі де бар — Kerim Gold.
"Мен Астанаға келуге онша қинала қойған жоқпын. Себебі мен мұсылманмын және менің сенімім күшті. Әрине, қиындық болмай тұрмайды және бұл қалыпты жағдай. Ең бастысы қазақстандықтар мені жылы қабылдады, мен де оларды жақсы көріп кеттім. Астана маған өмірімдегі ең қымбаттыларымның бірін берді, яғни мен Қазақстаннан өз жартымды таптым. Мен мұның қадірін білемін және бағалаймын. Дәл осы жағдайға орай мен "Бақытты мекенім" деген әнімді жаздым. Мен өзімнің болашақ жарымды мейрамханада жолықтырдым. Басында түрлі тақырыпта сөйлесіп жүрдік, тіпті телефонмен де әңгімеміз бітпейтін. Арада бес ай өткенде біз үйлендік. Мен болашақ әйелімнің тура сондай болуын армандаушы едім. Оны көрген сәтте-ақ мен оның өз өмірімнің жартысына айналатынын түсіндім. Мұндай кездесулер тек Алланың қалауымен ғана болады. Жаратқан бізге алтын асықтай ұл сыйлады. Біз бақыттымыз" — дейді музыкант.
Сонымен қатар ол қазақтарға, қазақстандықтарға деген құрметінің шексіз екенін жеткізді.
"Алла мені Астанада жетістікке жеткізді. Мен Қазақстанды, қазақстандықтарды құрмет тұтамын. Шынымды айтсам өз елімді онша сағынбаймын, себебі мұнда мен үшін барлығы жайлы. Бұл жерде бейбітшілік пен үйлесім басты құндылық, бұл жерде соғысқа орын жоқ, ең бастысы осы. Мен әлемнің көптеген елінде болдым, бірақ қазір өзімнің "Бақытты мекенімдемін" — өз отбасымдамын. Оның сыртында, мен бұл елден көп достар таптым. Олар менің "қандастарым!" — дейді Абдул Карим.