Жарияланды: 310

Қазақстандық регбишілер әлем чемпионатынан шет қалды

Қазақстандық регбишілер 2013-ші жылғы әлем чемпионатына қатыспайды. Сингапурде өткен іріктеу турнирінде сәтсіз өнер көрсеткен жерлестеріміз не бары 10-шы орынға табан тіреген.

Алғашқы кездесуде 14:26 есебімен Қытай құрамасына жол берген қазақстандықтар екінші бәсекеде Малайзияға 19:27 есебімен жеңілді. 9-орын үшін өткен тартыста Тайландқа 16:26 есебімен есе жіберген командамыз құр алақан қалды. Ал Мәскеуде өтетін әлем чемпионатында сары құрлық атынан Жапония, Гонконг және Филиппин құрамалары қатысады. Естеріңізге сала кетсек, регби  2016-шы жылғы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына енгізілген болатын.              

Екі топқа бөлінген маусымның үздік сегіз теннисшісі Лондонда өтіп жатқан  жылдың қорытынды додасында бақ сынасуда. Әлемнің бірінші нөмірлі теннисшісі  Новак Джокович өз тобындағы алғашқы бәсекеде  француз Жо-Уилфрид Тсонгадан басым түсті.

Аса шиеленісті өткен бірінші кезеңнің тағдыры тай-брейкте шешілді.  Таразы басы  теңселген  бұл сетте сербиялық теннисшінің мерейі үстем болды.  Одан әрі сенімді әрі ширақ қимылдаған Джокович, 1 сағат 40 минутқа жалғасқан бәсекедегі жеңісті өз қанжығасына байлады.  Осы  «А» тобындағы екінші матчта  әлемнің үшінші ракеткасы Энди Маррэй  чех Томаш Бердыхқа дес бермеді. 2 сағат 16 минутқа созылған үш сеттегі бәсеке 3:6, 6:3 және 6:4 есебімен  британиялық теннисшінің жеңісімен аяқталды. «В» тобын құраған үздік төрттік алғашқы турдың ойындарын бүгін өткізеді.

10-қараша күні аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша кәсіпқой бокстың бірнеше тұжырымның  чемпионы Владимир Кличко өз атағын қорғау үшін кезекті жекпе-жегін өткізеді. Оның атағына қол салғалы отырған үміткер, бойы көк тіреген алып денелі поляк боксшысы Мариуш Вах.

Дүйсенбі күні қарсыластар матч алдындағы соңғы бірлескен баспасөз-мәслихатын өткізді. Бетпе-бет келгенде өздерін әдепті ұстаған боксшылар осындайда  бет жыртысып, жағаға жармасатын әріптестеріне үлгі боларлық ұстамдық танытты. Керісінше бір-біріне сый құрметпен қарап,  өз сөздерін жылы лебізбен аяқтады.  Кәсіпқой бокс әлемінде дәуір жүріп-тұрған Владимир Кличконың атақ-даңқы дүйім жұртқа мәлім десек, чемпиондық атақтан үміткер Мариуш Вахты көпшілік біле бермейді. Бойы 2 метрден асатын Мариуш Вах Польшаның Краков қаласында туып өскен. Осы күнге дейін шаршы алаңда 27 кездесу өткізген 32 жасар Мариуш, оның бәрін де жеңіске жеткен. Ол аз десеңіз 15 матчты нокаутпен ұтқан. Чемпион мен үміткер арасындағы титулдық жекпе-жек алдағы сенбі күні Гамбург қаласында өтеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін