Анталия қаласында жирит ойынынан Түркия Республикасының ашық чемпионаты аяқталды. Қазақстандық делегация ойын барысын толық тамашалап, марапаттау рәсіміне қатысты. Түркия бойынша жиритпен шұғылданатын 78 командадан іріктеліп шыққан 4 команда ақтық сынға түсті. Жеңісті Эрзрум қаласының командасы еншіледі.
Айта кетейік, жирит командалық ойын. Қысқаша ережесі — команда мүшесі қарсы жақтың алаңына атпен шауып барып сызылған шеңбердің ортасына қарай найзасын лақтырып жібереді, сосын бірден кері қашып арнайы сызыққа жеткенше қуғыншының өзіне лақтырған найзасын дарытпай кетуі керек. Осылай кезектеседі. Бұл ат спорты ойынын түріктер орта ғасырдан бері ойнап келеді. ХVI ғасырда бұл ойын әскери жаттығу ретінде жүретін. Ал ХІХ ғасырда Осман империясының сарайында тамашаланатын ең таңдамалы ойын болды. Ол өте қауіпті, жігіттен мергендік пен ептілік, шеберлік пен атбегілік секілді көп қасиетті талап ететін ойын. Бір кездері Сұлтан ІІ Махмұт жиритке тыйым салғанымен, ұлттық ойын ұзамай қайта жаңғырып, ел ішінде кеңінен тарады.
Түркия Республикасы Ұлттық спорт ойындары қауымдастығының басшысы Арыпаслан Джейлан арнайы шақырту жіберіп, қазақстандық әріптестерінің түріктің ұлттық ойынын өз көздерімен көруін қалапты. Бүгінде түркі халықтарының ұлттық ойындары жаппай дамып келеді, бірақ қай спорт түрі болса да, бір елдің көлемінде шектелсе, танымалдығы артпайды, жанкүйерлері болмайды. Түрік ағайындар бәйге, көкпар, аударыспақ ойындары секілді жирит ойыны да халықаралық деңгейде өткенін қалайды. Сондықтан Қазақстанға арнайы бапкерлерді жіберіп, жирит ойыны командаларын құрып, ойын тәсілін үйретпекке келісім жасалды.
Түркия тарапы қазақстандық әріптестерінінің ұлттық спортты дамыту, насихаттауда тәжірибесі мол деп санайды және бірлесіп ауқымды шараларды жүзеге асыра алатындарына сенімді. Сондай шараның бірі — келесі жылы Түркияда өтетін Көкпардан Азия чемпионатын өткізу барысы туралы арнайы келіссөз жүргізіліп, біраз мәселенің түйіні тарқатылды.