Қазақстандық студенттер шетелде оқуға неге құмар - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандық студенттер шетелде оқуға неге құмар

Қазақстандық студенттер шетелде оқуға неге құмар

Қазақстандық студенттер шетелде оқуға неге құмар.

  • 31 Шiлде 2018
  • 72
Фото - Caravan.kz

"Болашақ" халықаралық бағдарламалар орталығының ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда, грант ұсынып жатқан әлем елдері әлі де бар. Талапкерлердің оқуға түсу "маусымы" басталғалы бері ұсыныс та көптеп келіп жатқанға ұқсайды. Бұл мәселе тіпті Елбасының да назарынан тыс қалмады. Биыл 19 шілдеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдап, кездесу барысында еліміздегі жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының қымбаттағанына тоқталып, білім сапасының төмендеп бара жатқанын айтқан болатын. 

"…Білім алу қымбаттап барады. Жастар біздің университеттердегі білім сапасының төмендігіне байланысты Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдайтын болды. Біздің қоғамда осындай проблемалар жиі көтерілуде", — деген еді Мемлекет басшысы.

Осы мәселеге байланысты Tengrinews.kz тілшісі сарапшының пікірін сұрап білді. Қоғамда жастар мәселесін жиі қозғап, білім тақырыбын талқыға жиі салып жүрген республикалық "Болашақ" жастар қозғалысының лидері, саясаттанушы Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, жастардың білімді шетелден іздеуіне себепші ең басты төрт фактор бар.

"Қазір әлемдік тренд қатты өзгеріп жатыр. Жаһандануға аяқ басқан елдердің барлығында алдағы уақытта көші-қон көп болады. Ал жастарымыздың шетел асып, білім алуының бірінші факторы — Қазақстанның жаһандануға аяқ басуы. Екінші фактор — еліміздегі жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасының төмендігі. Үшінші фактор — халқының саны аз мемлекеттердің Қазақстан халқына қызығушылық танытуы. Төртінші фактор — халықтың әлеуметтік жағдайы, оқудың қымбаттауы. Осы төрт факторға байланысты қазір білім алу үшін шетел асып жатқандар көбеюде", — деді Бабамұратов.

Оның айтуынша, егер бұл тенденция осылай жалғаса берсе, алдағы 7-8 жылда мектеп бітіретін балалардың барлығы, әсіресе ірі қаладағы балалар ағылшын тілін іле-шала біліп шығатын болады, яғни, алдағы 10 жылда шетелге оқуға кететіндер мың-мыңдап саналуы мүмкін. 

"Балалар мектептен кейін шетелге оқуға кетсе бізде кім оқиды? Ал біздің университеттердің жабылғысы келмей, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан сияқты елдерден студент тартуға мәжбүр болады. Қазіргі жаһандық әлемде шекара жоқ. Сондықтан, университеттер таланттарға таласады. Спортта, білімде көрсеткіші бар талантты балаларымызға алдағы 10 жылда әлемнің бүкіл университеттері грантты электронды поштасына жіберіп отыратын болады", — деді ол.

Сарапшының айтуына қарағанда, шетелге кететіндердің басым бөлігі — дарынды әрі талапты жастар.


"Біздің университеттер жалпы студенттерге емес, таланттарға да таласпайды. Ұлттық университеттер тікелей мемлекеттің қаржыландыруымен жұмыс істеп отыр, олардың басшылары Қазақстандағы әрбір талант үшін таласуы керек. Біздің университеттер "оқымасаң оқыма, бізге студенттер бәрібір келеді" деген қағиданы ұстанып алған, соның салдарынан талантты балаларымыз шетелдерге кетіп жатыр", — деді ол.

Бабамұратовтың айтуынша, грант бөлу жүйесіне де жіті назар аудару керек, оқу орындарындағы ішкі құрылым да өзгеріске сұранып тұрған көрінеді.

"Қазақстанда 400-500 мыңға жуық студент бар. Ресми деректер бойынша, Ресейде біздің 67 мың азаматымыз тегін білім алып жатыр, шын мәнінде олардың саны екі есе көп болуы мүмкін. Былтыр көрші Қытай бізге 14 мың грант бөліпті деген сыбысты ешкім жоққа шығармады, есесіне Қазақстан Өзбекстан жастары үшін 10 мың грант бөліп отыр. Жалпы, елімізде қай университет бәсекеге қабілетті, баланы оқыта алады грантты сол университеттерге беру керек. Аты бар екен деп грантты топырлатып бере бергеннен пайда жоқ. Сонымен қатар, университеттердің ішіндегі құрылымды өзгерту керек, ол өзгермей жақсы нәтиже болмайды", — деді ол.

Айта кетейік, жыл сайын оқу орындарына 54 мың грант ұсынатын Қазақстанның білім беру саласы биыл Президенттің тапсырмасымен тағы 20 мың грант бөлген. Алайда шетелдік университеттер де қалысар емес, биыл Қазақстан жастарына оқу гранттарын ұсынып, білім алуға шақырып отырған әлем елдері жетерлік. Тіпті, жыл басында "Болашақ" халықаралық бағдарламалар орталығы қазақстандық студенттер тегін білім ала алатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізімін жариялады. Тізімде Германияның 180 университеті, Францияның — 53, Норвегияның — 7, Чехияның — 24, Грекияның 24 университеті бар. Бұл университеттердің ұсынатын грант саны бірлі-жарым емес. Тіпті әр университет бір-бір гранттан бөледі дегеннің өзінде 288 студент шетелде білім ала алады. 
 

Соңғы жаңалықтар