Әлемдік топқа өту үшін 7 құрама таласқа түседі. Ярослава Шведова, Сесиль Каратанчева, Ксения Первак, Галина Воскобоева сынды белді спортшыларымыздан құралған ұлттық құрама FedCup турнирінің әлемдік тобына ену үшін 6-7 ақпан күндері Үндістан мен Тайланд құрамаларына қарсы сайысқа шығады.
«Сәрсенбі күні Үндістан құрамасымен, бейсенбіде Тайландпен кездесу өткіземіз. Ары қарай кіммен жолығатынымыз ойын барысына байланысты болады. Ертең біз командамен бірге бұл турнирде үнді құрамасына қарсы алғашқы қадамымызды бастаймыз. Біздің команданы өте тәжірибелі теннисшілер ұсынатын болады. Мен капитан ретінде біздің команда кез келген қарсыласқа дайын екендігін айта аламын», — деді команда капитаны Юрий Карлов бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Соңғы бірнеше жыл қазақстандық теннисшілер FedCup турнирінің әлемдік тобына енуге біртабан жақын қалғанда жеңіліс тауып келеді. Былтыр ұлттық құрама қыздары соңғы матчта қытайлық теннисшілерге жол беріп қойған болатын. Биыл Ли На бастаған кілең мықты қытайлық теннисші жарақаттарына байланысты қатыспайтын болды. Есесіне Тайланд пен қытайлық Тайпей едәуір күшті ойын көрсетіп жүр. Қазақстандық команда мүшелеріне осы мемлекеттердің ойыншылары басты қарсылас болмақ.
«Бізде жеңіске деген өте жақсы мүмкіндіктер бар. Биыл бізде мықты команда жасақталды, мен үшін осы құрамада ойнау үлкен мәртебе», — дейді құрама ойыншысы Сесиль Каратанчева.
«Біз өткен аптадан бастап федерация кубогіне жаттығуды бастадық. Сесиль, Ксениямен бірге өте жақсы дайындықтан өттік. Дэвис кубогіне жанкүйер де болып, жігіттеріміздің жеңісінен, энергиясынан қуат алдық. Бүгін бізде соңғы жаттығу болады, меніңше, алдағы матчтарға біз тастүйін дайынбыз», — деп атап көрсетті Ярослава Шведова.
Айта кетейік, осынау деңгейдегі турнир елордада алғаш рет өткізіліп отыр.