Қазақстандық туристер өзбектердің тұтқынынан босатылды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандық туристер өзбектердің тұтқынынан босатылды

Қазақстандық туристер өзбектердің тұтқынынан босатылды

Өзбекстанда ұсталған қазақстандық туристер елге түгел қайтарылды. Ұзаққа созылған келіссөздер барысында 8 бала мен 4 ересек адам қамаудан босатылды. Оларды көрші елдің құзырлы орындары заңсыз шекараны кесіп өтті және қару сақтады деп айыптаған еді. Бірақ бәрінің ақ-қарасы анықталды. Алдымен түнде балалар жеткізілді, ал бүгін елге ересек азаматтар оралды. Ташкент облысы Бостандық  ауданының прокуратурасы Қазақстан азаматтарына қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын айтқан, тек әкімшілік жаза қолданылады.

  • 2 Тамыз 2011
  • 570
Фото - Caravan.kz

Өз ағам деп өзегі өзеурейтін қазақ өткен аптадан бері өзбек жаққа күнде жалтақтап қарады. Бауырдан тілдей тірімін деген ақпар бола ма деп. Ақыры Астана мен Ташкенттің дипломатиялық тартысы тоқтап, көрші қонған қос ел мәмілеге келді. Алдымен балалар жіберілді. Басында тұтқында тұқыртылған қазақ балғындары “Қапланбек” бекетіне келу керек еді. Кеш батқанда бұл бекет жұмысын тоқтатты. Бауыр еті балаларын елегізіп күткен ел ебіл-себіл боп өзге қапталға ағылды. Тағаттары түгесілген қандастар мұнда тағы 1 жарым сағат қаңтарылды. Тұтқиылдан тұтқындап әкеткен өзбектер кері шығарарда құжатқа шұқшия қалыпты. Ана мен бала ақыры түн ортасында бір-ақ қауышты.

Махаббат Нартаева, қамауда болған туристің анасы:

— Баламды қайта көруге көмектескендеріңіз үшін мың алғыс. Барлық құзырлы орындарға, баршаңызға аналық алғысымды айтамын.

Әлен Досбаев, турист:

 Әсер деймісіз? Қарным аша берді. Есімде қалғаны сол.

Естеріңізге салсақ, шымкенттік саяхатшылар шіліңгір шілденің 10-ында тауға шыққан. Тура төрт тәулік өткенде өзбек шекарашылары тұтқындаған. Қандастарымыз қапыда жолдан жаңылысып көрші елдің аумағына өтіп кеткен. Туыстарын таппаған ел дабыл қақты. Іздеу шаралары басталды.


Оксана Соломатина,
қамауда болған туристің жұбайы:

— Біз қатты қорықтық, есіміз шықты. Жер сілкінген еді, жер жарылып түсіп кетті ме деп ойладық. Ең жаман хабарға дайындала бастағанбыз.

Адасқан туристерді шекараны заңсыз кесіп өтті және қару тасымалдады деп алқымнан алыпты. Өйткені топ басшысында тегіс оқпанды аңшы қаруы болған. Әй-шайға қарамаған өзбектер жеткіншектерімізді Янгиюл қаласына жіберіп, ересектерді Ғазалкенттегі оңалту орталығына орналастырған. Бірақ қандастарың қамауда деген хабарды Қазақ еліне 2 аптаға жуық уақыт өткенде бір-ақ айтқан.

Родион Садықов, турист:

— Қамауда отырғанымызда отандарыңа хабарладық деген. Біз көмек күттік. Бірақ Қазақстанға жақында ғана айтылыпты. Қатты қорықтық, сағат санадық. Өмір бойы есімде қалатын болды.

КСМ:  Қамауда қамкөңіл болған балалардың жасы 9 бен 15-тің арасында. Көбі тауға тұңғыш шыққан. Десе де, қамауда қағажу көрген олар тауға қайта барудан да тартынбайды.

Соңғы жаңалықтар