Жарияланды: 710

Қазақстандық және халықаралық ұйымдар ҚР парламентін "БАҚ туралы" заңның үкіметтік үлгісін қабылдамауға тағы да шақырды

Қазақстандық және халықаралық ұйымдар ҚР парламентін "БАҚ туралы" заңның үкіметтік үлгісін қабылдамауға тағы да шақырды. Бұл туралы жаңа заң жобасы бойынша бүгін, 18-желтоқсанда Алматыда өткен соңғы қорытынды қоғамдық тыңдауға қатысушылар хабарлады.

Соғыс және бейбітшілік жөніндегі институттың Қазақстандық өкілдігінің директоры Эдуард Полетаев "Шекарасыз репортерлар" және "19-статья" сынды бүкіләлемдік журналистік ұйымдардан келтірілген мәлімдемелерді оқып берді. Хаттарда халықаралық сарапшылар жергілікті өкіметке қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайын тіптен осалдандыра түсетін "демократияға қарсы" БАҚ туралы заңды қабылдамауға шақырады. Сондай-ақ, Ресейдің жариялылықты қорғау қорының атынан Қазақстан басшылығына жолданған мәлімдеме де журналистерге таныстырылды. Онда атап көрсетілгеніндей, жаңа заң қабылданған жағдайда "демократиясы жаңадан тәй-тәй басқан ел ретінде Қазақстанның беделіне елеулі нұқсан келмек". "Заң жобасының қазіргі нұсқасы кері қайтарылуы тиіс, ал оны қабылдау - азаматтардың жан-жақты ақпарат алу құқығына жүйелі нұқсан келтіреді",- делінген мәлімдемеде. Бүгінгі қоғамдық тыңдауда жаңа заңның тағы үш тарауындағы тәртіптер қаралды. Бұл тарауларда журналистердің құқығы мен міндетіне, оларды аккредитациялауға және БАҚ туралы заң талабын бұзғаны үшін жүктелетін жауапкершіліктерге қатысты ережелер келтірілген. Бұқаралық ақпарат құралдарын аккредитациялауға байланысты тәртіп заңгерлердің сынына ұшырады. Қазақстан журналистері конгрессінің заңгері Тамара Симахинаның атап көрсеткеніндей, жаңа заң мекемелерге өз іс-қызметін насихаттап ақпарат беретін журналистерді өздері таңдауға тағы да мүмкіндік береді. "Біз шенеуніктердің іс-қызметі туралы сын айтқан журналистерді аккредитациялаудан бас тарту көрінісімен талай тап келдік",- деді Т.Симахина. Сарапшылар осындай жағдайға тағы да жол бермеуге талпынуда. Заңгерлер әлдебір ұйымның іс-қызметі туралы ақпараттарды қалт жібермей қадағалап, хабарлап отыратын тілшілерді БАҚ-тар өз бетімен тағайындау құқығына ие болуы тиіс деген пікірде. Сөз бостандығын қорғау жөніндегі "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева осы орайда өзі басқаратын бірлестік желтоқсан айының басында "Интерньюс" ұйымымен бірге "БАҚ туралы" жаңа заң жобасын қараушы жұмыс тобының құрамынан шыққанын тағы бір еске салды. Дейтұрғанмен, Т.Калееваның айтуынша, қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша қабылданатын нұсқаулар республика парламентінің депутаттарына жолданатындықтан, оларға сәл де болса құлақ асу мүмкіндігіне үміт артуға болады. Қазақстан журналистері конгрессінің заңгері Тамара Симахинаның хабарлауынша, 12-13-желтоқсанда Астанада өткен ұйым атқару комитетінің жиналысында жұмыс тобына қатысуды одан әрі жалғастыра беру туралы шешім қабылданған. Т.Симахинаның мәлімдеуінше, "Әділ сөз" және "Интерньюс" ұйымдарының пайдалы әрі оңды ұсыныстары көп, бірақ олардың заң жобасының ақырғы нұсқасына ену-енбеуі екіталай. ҚР ақпарат министрінің орынбасары Ардақ Досжанның "БАҚ туралы жаңа заң жобасына қатысты министрлік пен конгресс арасында толыққанды пәтуа орнады" деген пікірін Т.Симахина "негіздемесіз" әрі "дабыралай жасалған артық мәлімдеме" деп атады. Т.Симахинаның атап көрсетуінше, заң жобасында Қазақстан журналистері конгрессі келісе алмайтын, әлі де өзгертуді талап ететін тұстар көп. Бұл мәселе бойынша министрлік пен ұйым арасында толыққанды мәміле орнады деп айту қисынға келмейді деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін