Жарияланды: 580

Қазақстандық жасақтаушылар "Көшпенділер" атты онлайн ойынын әзірлеуде

Қазақстандық жасақтаушылар "Көшпенділер" атты онлайн ойынын әзірлеуде

Қазақстандық жасақтаушылар "Көшпенділер" деп аталатын онлайн ойынын әзірлеуде.

Оның шетелдік ойындардан ерекшелігі - оның негізгі мазмұны мәдени-ағартушылық мақсатқа бағытталып отырғандығында. Аталмыш отандық жобаның таныстырылымын 25 қараша күні Астанада "Консалт-Инфо НС" компаниясының директоры Данила Плешков пен "Kaznetmedia" ЖШС коммерциялық директоры Павел Федотов "Креативті ұлтты қалыптастырудың жолдары мен тетіктері" атты халықаралық семинар-конференцияда жасады. Айта кеткен жөн, бұл осы салада мемлекет тарапынан қолдау тапқан алғашқы бастама. Осы идея отандық жасақтаушыларға дүкен сөрелерінде адамдарды әбден мезі қылған бір-біріне ұқсас жаңа ойындарға қарап отырған кезде дүниеге келген. Олардың сөздеріне қарағанда, бүгінгі таңда ойындардың авторлары өздерінің ептілігі мен қиялын жоғалтқан. П.Федотовтың ойынша, көшпенділер өркениетінің мәдениеті виртуалды әлемге жаңа леп бере алар еді. "Сюжетте Қазақстанда және оған көршілес жатқан мемлекеттерде бағзы замандардан бері мекен еткен көшпелі тайпалардың мәдени, тарихи мұрасын қолдану - өте керемет идея. Біз Қазақстан азаматтарымыз, еліміздің мәдениетін қатты жақсы көреміз және ол туралы көбірек жар салғымыз келді. Бір сөзбен айтқанда, біз өз-өзімізді насихаттауға тырыстық",-дейді П.Федотов. Жасақтаушылар ойын шынайы болады деп сендіруде. Қалай болғанның өзінде, ен даланың сол бір көрінісін, оны мекен еткен халықтың өмір-салты мен бет-бейнесін салуға тырысқан. Жалпы виртуалды әлем 2,5 млн. астам шаршы шақырымды құрайды. Үйреншікті ойындарда болатын қамалды қорғау миссиясы емес, отандық өнімде көшпелі тұрмыс-салт моделі ұсынылған. Ойнап отырған адамға әрдайым көшіп-қонуға тура келеді. Себебі жайылым сияқты табиғи ресурстар пайдаланған сайын сарқыла береді және шектеусіз тұтынуға келмейді. Ойын XII-XVII ғасырлар арасындағы уақытты қамтиды. Онда белгілі бір тапсырмаларды орындау, тарихи сюжеттерден өту нұсқалары міндетті түрде болады. Бірақ негізінен ойыншы орта ғасырлық көшпендінің кейпіне енеді, сұрапыл заманның барлық кедергілерін өзі татып көргендей күйге бөленеді. Оған жеке өмір кешуге немесе альянс құрып, маңайына пікірлестерін жинауға болады. Данила Плешков ойынның басқа нұсқасына да егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, егер ойыншы отырықшылыққа жарамды аймақ тапса, басқа өмір салтына көше алады. Алайда оның алдында басқа міндеттер мен проблемалар туындайды. Оның өзіне қарағанда, бұл нұсқа классикалық ойын үлгісіне үйренісіп қалған геймерлерге арналады. Ойын персонаждары өз алдына бір тақырып. "Көшпенділерде" жауынгерлердің үш түрі мен жұмысшы сарбаз бар. Сонымен қатар жасақтаушылар қызықты юниттерді енгізіп отыр, олардың бірі - көшпенді-ақын. Оның мойнына дипломатиялық миссия жүктелген. Басқа да кейіпкерлер бар. Мәселен, ойын ішінде жабайы түз тағыларынан бастап, аруақтарға дейін көруге болады. Д. Плешков пен П. Федотовтың айтуынша, аталмыш ойын қалың көпшілік алдына келесі жылдың соңында жол тартады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін