Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Студент» фильмі әлемнің Хулио Медем, Гаспар Ноэ және Ксавье Долан сынды мықты режиссерлердің өнімдеріне қарсы бәсекелестікке түседі. Олардың арасынан ең үздігін «Ерекше көзқарас» бағдарламасы әділқазыларының төрағасы — танымал Голливуд жұлдызы Тим Рот анықтайтын болады. Еске салсақ, Д. Өмірбаев биыл «Пальма бұтағына» үшінші рет таласқа түсуде. 1998 жылы оның «Киллер» фильмі «Ерекше көзқарас» байқауында арнайы сыйлыққа ие болған еді. Ал 2001 жылы фестивальде «Жол» атты кинотуындысын ұсынған. Биылғы «Студент» Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісі бойынша түсірілді.
Сонымен қатар, Канн фестивалінің аясында 17 мамырда тағы бір қазақстандық кино «Жаужүрек Мың бала» көпшілік назарына ұсынылмақ. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек Мың бала» фильмі қазақстандық көрермендер үшін 3 мамыр күні көрсетіле бастайды. Көпшілікті күттірген бұл фильмде XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар шапқыншылығы, ондағы қантөгісті шабуылдар, жанкештілікпен жауға қарсы күрескен батырларымыздың ерлігі баяндалады. Кино желісі бойынша шайқаста қазақ жасақтары бірігіп, басқыншыларға тойтарыс беріп, майданда шешуші жеңістерге жететіні баяндалады.