Қазақстандықтар Рио Олимпиадасының екінші күнін медальсіз аяқтады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандықтар Рио Олимпиадасының екінші күнін медальсіз аяқтады

Қазақстандықтар Рио Олимпиадасының екінші күнін медальсіз аяқтады

Қазақстандықтар үшін Рио Олимпиадасының екінші күні сәтсіз аяқталды. Бұл туралы Риодағы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

  • 8 Тамыз 2016
  • 396
Фото - Caravan.kz

Рио Олимпиадасының алғашқы күні Қазақстан қоржынына қос медаль түсіп, рухымыз бір серпіліп қалғаны анық. Өкінішке қарай, Олимпиаданың екінші күні өнер көрсеткен спортшыларымыз бірде-бір медальға қол жеткізе алмады.

Олимпиаданың екінші күні қазақ спортшыларынан алғашқылардың бірі болып, дзюдо күресінен 66 келідегі Жансай Смағұлов жарыс алаңына шықты.

Жасыратын несі бар, Олимпиаданың алғашқы күні күрестің бұл түрінен екі медаль еншілеген соң, бүгінде Смағұловтың жолына үлкен үмітпен қарадық. Өкінішке қарай, бұл үміт ақталмады.

Ол алғашқы айналымда Яспер Лефеверді жарыс жолынан шығарғанымен, екінші белдесуінде оңтүстіккореялық Ан Ба Улудан оңбай ұтылды.

Сондай-ақ, бүгін әйелдер арасында 100 метр қашықтыққа шалқалап жүзуден жарыстар өтті. Бұл сында қазақстандық Екатерина Рудакова бақ сынады. Алайда, жартылай финалға өтуге шамасы жетпеді. Ол іріктеу кезеңінде 100 метр қашықтықты  1:01.28 нәтижемен аяқтап, 6- орынға табан тіреді.

Ал теннистен ел үмітін арқалап келген Ярослова Шведова әйелдер арасында жекелей сында жапон қызы Мисаки Доидан ұтылды. Екі сеттің есебі — 6:3, 6:4.

Осы жеңілісінен кейін,  теннистен Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев қазақ тілшілеріне сұхбат беріп,  Шведова мүмкіндікті пайдалана алмағанын айтып өтті. Ол сұхбатында «Ярослава Шведова алғашқы сетте өз ойынын таппады. Сондай-ақ соққысының пайызы өте төмен болды. Оң жақтан бэгхэндтен  ойын тапқанымен, соққылары нәтиже бермеді. Жарысқа сақадай сай едік. Жапония ойыншысы Мисако Доидың ойынымен жіті таныспыз. Қалай ойнайтынын, қарсыласына не істейтінін — бәрімен таныс едік. Өкінішке қарай,  Ярослава Шведова берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмады. Бүгін Доидың ойыны өте жақсы болды. Қателікке жол берген жоқ. Бұл — спорт. Қателікті кешірмейді. Барлығы Шведованың өз қолында еді. Енді қателікпен жұмыс істейтін боламыз», — деп атап өтті.

Ал Галина Воскобоева жекелей сында өнер көрсеткен жоқ. Сондай-ақ жерлестеріміз теннистен жұптық сайыста да көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады. Бұл сайыстың бірінші айналымында Ярослава Шведова және Галина Воскобоева белгиялық теннисшілерден оңбай ұтылды. Қарсыластарымыз бірінші сеттің қорытындысында 6:1 есебімен алға шықты. Ал екінші айналымға келгенде қазақстандық жұп өз еріктерімен жарысқа шығудан бас тартты.


Сонымен қатар бүгін стенд атудан да жерлестеріміз өнер көрсетті. Бұл бәсекеде сынға түскен отандасымыз Мария Дмитренко іріктеу кезеңінде 8-орынмен шектеліп, 66 ұпайымен жартылай финалға өте алмады.

Рио Олимпиадасының екінші күні қазақстандық спортшылардан ең соңғы болып 56 келідегі ауыр атлетіміз Арли Чонтей өнер көрсетті.

Бар үмітіміз де сонда қалған болатын. Кемінде үздік үштіктен көрінеді деп үміттендік. Олай болмады.

Чонтей қос сайыстың қорытындысы бойынша 278 (130-148) келіні бағындырды. Бұл көрсеткіш оны жеңіс тұғырына жетуге тым аздық етті. Себебі, осы салмақта қола медаль алған тайландтық Синфет Круаитонгтен ол 11 келі артта қалды. Таиландтық  қоссайыстық қорытындысы бойынша 289 келіні бағындырды. Бірінші орынды 307 келіні бағындырған қытайлық Лон Цзинхуан жеңіп алды. Ол 2008 жылы Бейжің олимпиадасында да чемпион атанған. Ал екінші орынды 303 келіні бағындырған солтүстіккореялық Ом Юн Чхоль жеңіп алды.

Осылайша Қазақстан спортшылары Рио Олимпиадасының екінші күнін медальсіз аяқтап, жалпы есепте 18-орынға түсіп қалды.