Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.
“Сыйлықтың қайдан келгенін құжат түрінде рәсімдеген жөн. Біз ірі табыстың келген көзін дәлелдеу керек екенін ұғынуымыз қажет. Егер маған үйлену тойыма құны 3,9 млн теңгеден асатын автокөлік сыйласа, мен оны декларациялауым керек. Бағалы сыйды кім тарту еткенін заңды түрде тіркеуім қажет. Сомасы 160 ТЕА (3,65 миллион теңге) асатын барлық кіріс декларацияланғаны жөн. Егер маған 100 адам қосылып 4 млн сыйласа, ертең мен декларация ұсынғанда мұндай қомақты ақшаны кім сыйлағанын айта алмай, дəлелдей алмасам, бұл онда ақша жылыстату болады. Бұған жол бермес үшін бәрі ашық болғаны абзал”, – деп мәлім етті ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті методология басқармасының басшысы Дмитрий Шинкаренко.
“Егер маған үйлену тойыма 4 млн теңге сыйға тартып, мен ол ақшаға көзге көрінетін дүние сатып алсам, әрине, мұның сұрауы болады. Яғни, менде ешқандай табыс жоқ, алайда мен 4 млн теңгеге ресми түрде бір нәрсе сатып алдым. Бұл ақшаның қайдан келгеніне қатысты сұрақтар туындайтыны хақ. Сол кезде мен оның сыйлық екенін, ақшаның заңды айналымда екенін, ешкімнен жымқырмағанымды дәлелдеуге тиіспін. Сондықтан да кез келген жеке тұлға өзінің заңды әрекетін тіркеп жүргені дұрыс”, – деп толықтырды ол.
Оның айтуынша, егер азамат табысының қайдан келгенін дәлелдей алмаса, онда оның сыйлығына салық салынады.