«Қазақстан-Еуроодақ» ынтымақтастық кеңесінің 12-ші отырысының қорытындысы - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қазақстан-Еуроодақ» ынтымақтастық кеңесінің 12-ші отырысының қорытындысы

«Қазақстан-Еуроодақ» ынтымақтастық кеңесінің 12-ші отырысының қорытындысы

27 маусым күні Брюссельде «Қазақстан-Еуроодақ» ынтымақтастық кеңесінің 12-ші отырысы өтті.

  • 28 Маусым 2011
  • 468
Фото - Caravan.kz


Мәжілісте Қазақстан делегациясына Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, еуропалық тарапқа — ағымдағы жылдың екінші жартысында Еуроодақ кеңесіне төрағалық ететін Польша мемлекетінің сыртқы істер министрі Радослав Сикорский жетекшілік етті.

Қазақстан делегациясының басшысы мәжіліс қорытындысы бойынша жасаған мәлімдемесінде, Еуроодақпен стратегиялық ынтымақтастықты әрі қарай нығайтудың аясында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері қаралғанын, сондай-ақ өзекті халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша пікірлер алмасылғанын атап көрсетті.

«Екіжақты өзара іс-қимылдың ағымдағы жағдайы және перспективасы туралы пікір алмасылды, Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтерудің жолдары талқыланды», деді Е.Орынбаев өз сөзінде.

Мәжіліс барысында тараптар 2006 жылғы Энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға негізделген энергетикалық диалогты нығайтуға және екіжақты сауда-саттықтағы кедергілерді алып тастау жөніндегі шаралар қабылдауға келісті. «Еуроодақ — біздің негізгі сауда және инвестициялық серіктесіміз. Былтыр Қазақстанның Еуроодақ елдерімен арадағы сауда айналымы 40 миллиард долларды шамалады. Еуроодақ тарапы сондай-ақ біздің Дүниежүзілік сауда ұйымына тезірек қосылуымызды қолдап отыр», деді Е.Орынбаев.

Польшаның Сыртқы істер министрі Р.Сикорский өз кезегінде, кездесу барысында 1999 жылы күшіне енген Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы серіктестік және ынтымақтастық туралы қолданыстағы келісімнің жүзеге асырылуына талдау жасалғанын айтып өтті. «Қолданыстағы келісім біздің қазіргі ынтымақтастығымыздың әлеуетін қамти алмайды деген түйінге келдік. Сондықтан да Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа базалық келісім бойынша келіссөз бастау туралы шешім қабылданды», деді Еуроодақ делегациясының жетекшісі.

Қазақстан делегациясының Брюссельге сапарының барысында Еуроодақ пен Қазақстанның арасындағы серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа базалық келісім бойынша келіссөз басталғанын ҚазАқпарат бұған дейін хабарланған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстан-еуропалық екіжақты қарым-қатынасқа негіз болып отырған қазіргі қолданыстағы серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім 1999 жылы күшіне енген болатын.

Соңғы жаңалықтар